«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда кәсіпкер әйелдердің саны көбейді

2016 жылғы 29 Қараша
- Атырау облысы
13132 просмотров

Өңірдегі әйелдер 23 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанын басқарып отыр 

Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш 11 есе артқан. Бұл жөнінде бүгін  Атырау облысында өткен «2006-2016 жылдардағы гендерлік теңдік стратегиясы – жетістік кілті» атты әйелдер конференциясында  айтылды.

Шараны ұйымдастырушылар қатарында облыстың Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі де бар. Форумға экономиканың түрлі салаларында табысқа жеткен бизнесвумендер қатысты. Айтулы шараға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев та келді.

Конференция басталмастан бұрын, қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Мұнда нәзік жандардың қолымен әзірленген түрлі қолөнер бұйымдары, киім-кешектер мен тәтті нан өнімдері қойылды.

«Форумды ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіргім келеді. Біз осы шара арқылы бизнесте тәжірибесі мол іскер әйелдермен танысып, олармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық, олар бизнесін енді ашып жатқан жас кәсіпкерлерге өз кеңестерін берді», – деді форумға қатысушылардың бірі Гаухар Бекмағамбетова.

Бойжеткен қолөнермен екі жылдан бері айналысып келеді екен. Алғашында ол оның декреттік демалыста ермек еткен сүйікті ісі болыпты. Ал, бүгінде шебер қолынан жасалған бұйымдарға сұраныс артып, оның кәсібі табыс әкеле бастаған. Гаухар алдағы уақытта өз бизнесін ашуды жоспарлап отыр.

Әйелдер еліміздің қайта түлеп, жандануына, оның одан әрі дамуына айрықша үлес қосып келеді. Сонымен қатар, олар қоғамды жаңарту мен демократияландыру процесіне атсалысып келеді. Бұл мақсатта елімізде барлық жағдайлар жасалған. Бұған дәлел, қазіргі таңда экономика, білім, денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларында белсенді түрде қызмет етіп келе жатқан әйелдер саны артып отыр. Олардың қатары мемлекеттік органдарда да артып келеді. Бұл туралы конференцияны ашу барысында, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева хабарлады.

Бүгінде әйелдердің басым көпшілігі жұмыспен қатар жанұясы мен балаларының жағдайын жасайтыны баршаға аян. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы алар ерекше орны туралы әңгімелеп берді.

«Жалпы гендердік теңдік стратегиясын жүзеге асыруда Қазақстан соңғы 10 жылда көптеген жетістіктерге жетті. Жыл сайын мемлекеттік қызметкерлер арасында нәзік жандардың саны артып келеді. Мысалы, егер 2006 жылы Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі 10,4 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 27,1 пайызға жетті. Ал, Атырау облысы мәслихатында әйелдер саны 22 пайызды құрап отыр», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, конференция барысында әйел кәсіпкерлердің бизнесті дамытудағы үлесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде өңірдегі барлық кәсіпкерлік нысандардың жартысына жуығы әйел кәсіпкерлерге тиесілі екен. Айта кетерлігі, нәзік жандар бұған дейін тек ерлер айналысып келген кәсіп түрлерін де игере бастаған.  

«Әйелдерге бизнеспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Оларға бизнесті дамытудың және оған қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламалары аясында қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз гранттар, арзан несиелер және т.б. беріледі. Бүгінгі күні облыста  20 кәсіпкердің жобалары қаржыландырылды. Олардың 70 пайызы әйел адамдардың үлесінде», – деді Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары  Гүлзада Қайырғалиева.

Форум соңында бірқатар кәсіпкер әйелдер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, бұл күні қоғам қайраткері Рәшила Мүрсалиеваның «Атырау арулары» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер