«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында жарнама саласындағы заңнамалық талаптар талқыланды

2025 жылғы 21 Сәуір
- Ақтөбе облысы
241 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызметтер көрсету салалық кеңесінің ұйымдастыруымен жарнамалық агенттіктер мен баспаханалардың қатысуымен сыртқы жарнамалар мен ақпараттардағы тілдің заңнамалық қолданылуы жөнінде кездесу өтті. Облыстық тілдер басқармасының маманы Арайлым Нұрбаеваның айтуынша, жарнама саласында қолданылатын тілдің заңнамалық негіздері мемлекеттік саясаттың маңызды компоненті болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңының 6-бабы, «Тіл туралы» заңының 21-бабы және «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңының 24-бабы бойынша барлық көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері мемлекеттік тілде ұсынылуы тиіс. Алайда, жарнама материалдарында жиі кездесетін тіл нормаларының сақталмауы, орынсыз аудармалар, грамматикалық қателіктер мен мағынасыз мәтіндер саладағы өзекті мәселелер болып табылады. Кейбір жарнама агенттіктері мен бизнес субъектілері экономикалық мүдделерді бірінші орынға қойып, заң талаптарын елемей, ақпараттың сапасын төмендетуде.

Кездесу барысында қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысының маманы Сержан Баймұхан қала ішінде кездесетін орынсыз жарнамаларға тоқталды. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің маманы Гүлзада Алматбаева, тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдар туралы айтып, кәсіпкерлерді тексерулер мен айыппұлдардың алдын-алу мақсатында, дұрыс аудармаларға назар аударудың маңыздылығын атап өтті.

Кеңестің екінші бөлігі креативті индустрия кіші секторының мәселелеріне арналды. Кәсіпкерлер, Креативті орталықтың барлық талаптарға сай, тиімді ортада құрылуына алаңдаушылық білдірді. Олар Креативті орталықтың шығармашыл адамдардың еркін жұмыс істей алатын орны болуы керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер қаладағы әлеуметтік жарнама мен визуалды сәйкестілік жүйесі жұмыстарына қызығушылық танытты. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев ұсынысты қолдайтынын айтты.

Кәсіпкерлер палатасы креативті индустрия кіші секторының белсенді мүшелерін облыстық креативті индустрия саласын дамытуға арналған жұмыс тобына қосу туралы сұранысты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жіберіп, қолдау тапты. Үкімет 2021–2025 жылдарға бекіткен тұжырымдамаға сәйкес, креативті индустрияға жататын 43 қызмет түрі айқындалған.

Бұл кездесу кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жарнама саласындағы заңнамалық талаптарды түсінуге және креативті индустрияның дамуына жаңа серпін беруге бағытталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер