«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қарқынды жүзеге асты

2023 жылғы 16 Мамыр
- Маңғыстау облысы
12337 просмотров

Биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасы тұтастай облыс бойынша жүзеге асады. Осыдан бір жыл бұрын Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен«Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жоба ретінде тек Қарақия ауданындағы Құрық елдімекенінде жүзеге асты. Жоба аясында 20-дан астам қыз-келіншек жұмысқа орналасты. Қазір олар ісін дөңгелетіп, жүннен өнім шығарып отыр. 

 

Бұрын ауылдың әр бұрышында кәдеге аспай жатқан қой мен түйе жүні таптырмас бұйымға айналды. Оны пайдаға асырып қана қоймай, жұмыссыз жүрген ауыл әйелдері тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Бұл жоба тек табыс көзі ғана емес, жергілікті әйелдердің бір өнімді өндіру арқылы әлеуметтік ынтымағы мен іскерлік ортаға енуі қамтамасыз етіледі.

Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – кіші бизнес пен әлеуметтік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануды ұйымдастыру. Бүгінде мемлекет микро әрі кіші бизнесті қолдауға грант пен жеңілдетілген несие бөліп келеді, сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды қолдау үшін әлеуметтік бағдарламалар арқылы төлемдер жүргізіп, жұмысқа орналастырады. Бұл шараларға жылда миллиардтаған қаражат бөлінеді, алайда ауыз толтырып айтарлық серпін жоқ. Неге? Өйткені, қолдау тетіктері әрқайсысы өзімен- өзі жузеге асуда, олардың біріңғай мақсатын біріктіретін жүйе жоқ. Әрбір мүшесі өз бетінше өмір сүріп жүрген ағза секілді. Енді осы мемлекеттік тетіктерді біртұтас пайдаланған Қарақия ауданы мен Маңғыстау кәсіпкерлер палатасы Құрықтағы әйел азаматтарды бір кәсіпке баулуда»,–  деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбек.

 

Ұлттық палата өкілі кәсіпкерлерге арналған басқа да жобалар мен қолдау туралы толығырақ Facebook-тегі парақшасында https://www.facebook.com/100006833352283/posts/pfbid0CNZWemV3PiLQoFgcUU41FLVBFwSbrJd4bs8kV8btXbv5WyC8jNtbSXMd2QhChscol/?d=w&mibextid=qC1gEa жазды. 

Енді жоба қатысушылар отандық өнімді шетелге экспорттауды көздеп отыр.  Оған қырғызстандық шеберлердің септігі тимек. Көршілес елдің майталман мамандары қарақиялықтарға бес күн бойы білгенін үйретуге келіп, тренинг өткізді. Олар кәдесый ретінде ойыншық түйе жасауға ден қойып отыр. Осылайша, қазақи бұйымдарды шетелдік стандарттармен жасау қолға алынды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының әлі де дамуы үшін осы тренинг қажет болды. Қырғызстаннан 2 мықты тренер келді. Бұл тренинг Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қаржыландыруымен және де ұлттық әйелдер комиссиясының қолдауымен іске асырылып жатыр. Тренингтің мақсаты өте биік.  Бес күн болатын тренингтің нәтижесінде шетелге әдемі қылып шығаратын жаңа өнім пайда  болады деп үміттенемін», – дейді өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салықова.

Жұмысшылар ай сайын 500-ден астам өнім жасап шығарады. Олар жылы тәпішке, көрпе, кеудеше мен кәдесыйлар дайындайды. Мұнда мал жүні құрғақ және ылғал күйінде өңделеді.

«Бала кезімізден осы жүнді көріп, одан неше түрлі бұйым жасап, анамыздан көргенімізді әлі күнге дейін жалғастырып келе жатырмыз. Қолымыздан ұршығымыз түспейді. Түйенің жүнінен көрпе жасауға болады. Қойдың жүнінен де неше түрлі бұйым жасаймыз. Жүн – өте пайдалы. Адам ағзасына жайлы табиғи өнім. Өзіміздің тәжірибемізге көршілес елдің мамандарының тәжірибесі әсерлі болып жатыр», – деп ой түйді Құрық ауылының тұрғыны Алтынгүл Құлдаева.        

Жоба жетекшісі Жаңагүл Жапарованың айтуынша, жүн бұйымдары емдік қасиеті бар әрі табиғи өнім. Қолмен жасалған заттар сұранысқа ие. Оның үстіне, өңірде туризм дамып келеді. Туристерге де өзімен бірге алып кетуге әрі жеңіл, әрі сапалы дүниелер.      

Жеңіл өнеркәсіпті игеріп жүргендер бұйымдарын Скандинавия мен Еуропа елдері, Жапония нарығына шығаруды жоспарлайды. Осылайша ауыл әйелдері әлеуметтік жобаның шапағатын көріп, кәсібін дамытпақ.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер