«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда ұлттық киімдерге тапсырыс күрт өсті

2023 жылғы 16 Наурыз
- Маңғыстау облысы
10946 просмотров

Маңғыстау облысында наурыз айы басталғалы ұлттық киімдер саудасы қыза түсті. Әсіресе, Амал мерекесінде тапсырыс артты.
Ақтаулық жас дизайнер Мансия Бекхожина өзінің жеке тігін шеберханасын ашқанына 6 ай болды. Тапсырыс көп. Бір күнде 4 көйлек тігіп, үлгеріп жатыр. Қосымша бешпент, камзол, кәжекей сынды ұлттық киімдерге сұраныс жоғары. Қыз ұзатуға, жас келінге арналған киімдерге де таңдау бар. Мерейтой, балаларға арналған сәнді киімдер де тігуде. 
«Амал мерекесіне халық ерекше дайындалады. Тапсырыс он есе көбейді десем болады. Барлығы ерекше қайталанбайтын үлгіде сұрайды. Барқыт, тылқы, жібек маталардан тігеміз. Джинсы маталардан бешпент тігіп, қазақша оюлармен оюлап шығарып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Бағасы да қолжетімді. Мәселен, оюлы бешпенті мен үкілі тақиясы бірге 80 мың теңге. Күртешелер 50 мың теңге. Матасы мен дизайнына қарай құны да өзгере береді. Басқа сән үйлерінде баға бірнеше есе шарықтап тұрғаны жасырын емес. 


Мансия үш бала тәрбиелеп отырған ана. Тігіншілікпен бала күтімінде отырғанда шұғылдана бастаған. Бала кезден әдемі киімдер мен ерекше үлгілерге қызыққан арудың арманы орындалды. 6 жыл үйде отырып тапсырыс қабылдап киім тіккен ол, жеке кәсібін ашуды жөн көрді. Арман алдамады. Сапалы маталардан тігілген қайталанбас киімдер қыз-келіншектерді бірден тәнті етті.  Қазір шеберханада 4 адам еңбек етеді. Одан бөлек үйінде отырып тігетін жұмысшылары да бар. Өзі Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасынан бірнеше рет қаржылай емес қолдау алды. Іскер әйелдер кеңесіне мүше.
«Бізде таңдау мол. Тұтынушылардың назарын аудару үшін әрбір сән үйі өзінше ерекшеленеді. Қыздардың жүрегін жаулаған күрешелерімізбен ерекшеміз. Сол арқылы тез танылдым. Күртені қолдан кестелеп, моншақпен көмкеріп тігу арқылы жаңа бағытты таңдадым. Жақсы бағытта келе жатырмыз»,– дейді Мансия Бекхожина. 
Маңғыстау –  ұлттық киімдерді жыл он екі ай киетін өңір. Амал, Наурыз мерекелерінен өзге барлық той-томалаққа, күнделікті өмірде қазақи киімдерді тастамай киіп жүретіндер көп. Сондықтан да жас дизайнер жаңаша үлгілер тауып, дами бермек. Кәсібінің нәсібін көру –  басты мақсаты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер