«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда шағын ауылда кәсіп ашқандар артты

2023 жылғы 23 Ақпан
- Маңғыстау облысы
9033 просмотров

Маңғыстау облысының Құрық порты арқылы былтыр 1,8 миллион тонна жүк тасымалданды. Автомобиль көлігімен 618 мың тонна жүк жөнелтілді. Ал «Болашақ» станциясы арқылы барлығы 2,2 миллион тонна жүк, 2021 жылы 1,3 миллион тонна жүк тасымалданды. Сонымен қатар Қарақия ауданында  ауыл шаруашылығы саласы да жақсы көрсеткішке ие. Ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал азығына кететін шығындарын азайту үшін 84 шаруашылықтың 14-де 21,8 млн теңге игерілді. Биыл наурызда қалған 70 шаруа қожалығына қаржы беріледі.

Қарақияда мемлекеттік бағдарламалар аясында жоба ұсынған 49 азамат жалпы сомасы 1 млрд теңге несие алды. Нәтижесінде 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 67 адам 89,6 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. 2023 жылы Құрық, Жетібай, Сенек ауылдарында «Ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Егер жоба орындалса, ауыл тұрғындары тиімді шарттармен шағын несие алады. Осылайша, жұмыс істеп, табыс арттыруға, басқа да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады.

Құрық ауылында Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің тікелей араласуымен республикалық «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы іске асып жатыр. Жобаның басты мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықты азайту. Былтыр қарақиялық 65 тұрғын мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Ал Құрық ауылында 29 адам қаржылай көмек алып, жеке кәсіппен айналысуда. Соның бірі - Раушангүл Қуандықова. Ол жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Бұл қаржыға жүн өңдейтін тоқыма станогын сатып алды. Қазір мұнда 23 маман жұмыс істейді. Мал терісінен 40-тан астам өнім, яғни былғары сөмке, тақия, тәпішке, тоқыма бұйымдарын жасайды.

Ауыл іскерлері өз өнімдерін ел ішіне ғана емес, экспортқа шығаруды да жоспарлап отыр.

Аймақ басшысы Каспий теңізінің әлеуетін тиімді пайдаланып, Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.

«Балық шаруашылығын дамыту – облыстағы әлеуетті бағыттардың бірі. Үкімет 2030 жылға дейін арнайы бағдарлама әзірледі. Балық өсірумен айналысатындарға бес түрлі субсидия қарастырылған. Былтыр біз балық шаруашылығы бөлімін құрдық. Осы орайда экспорттық әлеуетті арттыруға, балық шаруашылығына инвестиция тартуға баса назар аудару қажет. Балық шаруашылығының дамуы қосымша өнім көлемін арттырумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Ноғаев.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер