«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Мен – кәсіпкермін» жобасы маңғыстаулық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік береді

2022 жылғы 10 Қараша
- Маңғыстау облысы
11467 просмотров

Маңғыстау облысында жақында «Мен – кәсіпкермін» жаңа жобасы басталуы керек. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен  келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды. Жоба арқылы Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібі мен бизнес саласы айтарлықтай дамиды.

 

Мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі де сол. Сондай-ақ, 2023-2026 жылдары жобамен қоса алғанда 29 кәсіпті іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Президент пайымы осындай.

«Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32% жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келеді. Демек, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық», – деді Мемлекет басшысы.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаевтың айтуынша, жаңа жоба аясында грант саны артып, жеңілдетілген несие беру реттеледі.

«Кәсіпкерлікке оқыту қолға алынғанын да құптаймын. Біздің өңір мұнайға тәуелділіктен кетуі үшін кәсіпкерлікті дамытуымыз қажет», –  дейді Рашит Мұстапаев.  

Кәсіпкерлер жаңа жоба көмегімен көптеген түйткілді сұраққа жауап табылады деген сенімде.

«Талай жоба ашылды, кейбірінің пайдасы болды. Үдеден шықпағандар жабылып жатты. Біз сияқты кәсіпкерлерге ең қажеті – қаражат. Қайтырымсыз қаржы көлемін арттыруды шешсе ұтымды жоба болар еді. Кәсібін енді бастаған бизнесмендерге көп шарт қойылады. Қағазбастылықтан құтылуға көмектесетін жоба болғанын қалаймын», –  дейді кәсіпкер Жәния Сыйлағанқызы.

Маңғыстау – географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір. Сондықтан көлік-логистикасы мен инвестициялық әлеуетті арттыру басты назарда. Алда инвестиция тартып, контейнерлік және логистикалық хаб құру көзделген.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер