«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет

2022 жылғы 08 Қараша
- Маңғыстау облысы
10046 просмотров

Мемлекет басшысы облыс халқымен кездесуінде өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сондай-ақ терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет.

2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін де зор мүмкіндіктер бар. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысы Маңғыстау географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір екенін және бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керектігін атап өтті.

Портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз. Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғындарының облыстық деңгейдегі жолдың сапасы жөнінде жиі шағым айтатынын еске салып, автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға баса назар аудару керек екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жұмысы баяу жүрып жатқан «Бейнеу-Шалқар» тас жолы құрылысының маңыздылығын атап өтіп, Үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды. Сондай-ақ әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, «Ақтау – Форт-Шевченко», «Таушық-Шетпе» жолдарын жөндеуге келесі жылдан бастап кірісу екенін айтты.

Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі екенін атап өтіп, арнайы экономикалық аймақтарда игерілмеген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы қажет деп есептеймін. Қазақстан шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келеді. Соның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын» салу жобасы. Өткен аптада Еуропа кеңесінің Президенті Шарль Мишель біздің елге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде Қазақстан мен неміс-швед компаниясы арасында инвестиция туралы тиісті келісімге қол қойылды. Инвестор Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ күніне 255 мың текшеметр су тұшытатын зауыт, 40 гигаватт жаңғыртылатын қуат көздері стансасын салу жоспарда тұр. Осы жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 3500, ал нысан іске қосылған кезде 1800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өз мамандарымызды оқытып, даярлаймыз. Тиісті инфрақұрылым салынады. Инвестор өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Президент.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер