«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда Women in business форумы өтті

2022 жылғы 23 Ақпан
- Алматы қаласы
16240 просмотров

Отандық экономиканың денсаулық сақтау және білім беру (72%), тамақтану және орналастыру қызметтерін ұсыну (64%), қаржы (57%)  сынды үш саласында әйелдердің үлесі жоғары екені анықталды.  

Алматыда әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы басты шара «Women in business» форумы өтті. Спикерлер қатарында түрлі салада жетістікке жеткен лидер әйелдер болды. Шараны Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.

Бірінші панель сессияда дағдарыстық жағдайдан кейін кәсіпкерлікті қалпына келтіру перспективалары және экономиканың гендерлік аспектілері талқыланды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін облыс орталықтары мен қалаларда ғана емес, шағын аудандарда да ресурстық орталықтар ашу қажеттігін атап өтті.

 «Қазіргі кезде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы аудан деңгейінде қажет. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы дәл осы бағытта жүргізіледі», – деді Мәжіліс депутаты.

 АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидждің айтуынша, қаңтардағы оқиға да, COVID-19 пандемиясы да бизнестің дамуына нұқсан келтірді. Сонымен бірге, спикер дағдарысты жағдай кәсіпкерлерді жаңа мүмкіндіктерді тану, креативті болу және жаңа бизнес құруға құлшындырады деп санайды.

 «Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы қоғам мен экономикалардың жетістігінің негізгі факторы. Осы саладағы зерттеулер әйелдер жетістікке жеткен кезде елдер өркендейтінін айқын көрсетеді. Сондай-ақ, кәсіпкер әйелдердің саны өсіп, олардың экономика дамуындағы маңызы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Әйелдер экономиканың қозғаушы күшіне айналады, сондықтан біз осыны қолдап, жәрдемдесу маңызды деп санаймыз», – дейді Кэролайн Сэвидж әйел кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаудың маңыздылығы туралы.

 Соңғы бес жылда бизнес және компаниялардың менеджментінде әйелдер үлесінің айтарлықтай артқаны байқалды. Мысалы, топ-менеджментте әйелдер үлесі 25 пайыздан 31 пайызға дейін өскен. Осындай қысқа мерзімде бұл айтарлықтай жетістік.

Еңбек нарығының гендерлік аспекті және экономиканы қалпына келтіру перспективалары туралы Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова айтты.

 «Жалпы әлемдік тенденцияларды қоя тұрып, ел ішіндегі жағдайға зер салатын болсақ, еңбекке жарамды халықтың ішінде әйелдер саны 7 млн адамды құрайтынын атап өткен жөн. Бұл ерлерге қарағанда 350 мың бірлікке артық көрсеткіш.  Бұл ретте, толық жұмыс күндік жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі жалпы 42,6%, өнеркәсіпте 31,6% және өндірістік емес салада 50,5%-ды құрайды. Әйелдер негізінен қызмет көрсету саласында (76,5%), 11,8% – ауыл шаруашылығында және 11,7% – өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс істейді», – дейді Елена Бахмутова.

Компанияларға иелік ету және басқаруға қатысу көрсеткіштері бойынша Қазақстанның позициясы жақсы. Атап айтқанда, компаниялардың 30%-дан астамында әйелдердің қатысу үлесі бар, ал компаниялардың 24%-ында әйелдер басым. Компаниялардың 26%-ын әйелдер басқарады.

«Егер ел экономикасының салаларында әйелдерді жұмыспен қамту құрылымына қарайтын болсақ, бүгінде әйелдер дәстүрлі түрде өндірістік емес салада басым болып отыр. Олардың сегменттері болашақ кәсіптер каталогының басында тұр. Атап айтқанда, денсаулық сақтау мен білім беруде әйелдердің үлесі 72%, тамақтану және орналастыру қызметтерін ұсыну бойынша қызметте – 64%, қаржы саласында – 57%, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында –57%-ды құрайды», – деді Елена Бахмутова.

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, азаматтық қоғам ұйымдары және БҰҰ-ның қолдауымен Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған мамандықтар тізімі толығымен жойылды. Осыған байланысты елімізде еңбекақы төлеудегі гендерлік теңсіздік жойылады деп күтілуде. Бүгінде әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің бағалауы бойынша бұл көрсеткіш 34%-ды құрап отыр.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы бөлімшесінің басшысы Мария Доценконың айтуынша, Қазақстан әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында БҰҰ қағидаттарын ілгерілету бойынша Орталық Азияда лидер ел. БҰҰ-ның осы жаһандық бастамасы әйелдердің жұмыс орны, бизнес-нарық және қоғамда гендерлік теңдікке және олардың құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қалай ықпал етуге қатысты бизнеске ұсынылған қағидаттар жиынтығы. Қазіргі кезде құқық пен мүмкіндіктерді кеңейту қағидаттарына прогресшіл 37 қазақстандық кәсіпорын қол қойды.

 Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова әлемдік және қазақстандық экономикадағы трендтер мен қауіп-қатерлер туралы айтты. Оның бағалауы бойынша, Алматының экономикалық жүйесі бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс. Мұндағы экономикалық жүйе жаһандық, өңірлік және қалалық ауқымдағы сын-қатерлерге қарамастан, қалай тез қалпына келу, жұмылу керегін көрсетеді.

 «Шағын және орта бизнес үлесін өсіру керек. Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімінде  84 пайызды сауда, сервис, қызмет көрсету сегментіндегі шағын және орта бизнес құрап отыр. Қала ресурстардың есебінен емес, бизнес және халықтың сатып алу қабілетінің арқасында тіршілік етеді. Соңғы жылдары Алматы мемлекеттік қолдау арқылы емес, өз әлеуеті көмегімен дамыды. Біз, алматылықтар, қолдауды емес, кедергі жасамауды сұраймыз», – деді Үміт Шаяхметова.

Сондай-ақ, сөз соңында спикер қазіргі кезде әйелдердің жоғары рөлін атап өтті.

«Біз осы форумда барлық рөлдік модель – кәсіпкер-әйелдер белсенді әйелдер, жасампаз әрі қолынан іс келетін әйелдер жиналғанын көріп отырмыз. Сіздерге осы модельдерді таратыңыз, басқаларға көрсетіңіз, үйретіңіз, баларымыз, немерелеріміз, әріптестерімізді тәжірибеңізге сүйеніп, тәрбиелеңіз деп айтқым келеді. Өйткені көп дүние бізге байланысты. Қазіргі кезде өзгеру, трансформация туралы айту сәнге айналған. Иә, ол солай, бірақ құндылықтарымызды өзгертіп алмайық. Біз махаббат, достық, адалдық, қоғамға, бір-бірімзге  жауаппен қарау сынды  ең негізгі құндылықтарды сақтап қалуымыз керек. Бүгінгі таңда осындай қарапайым заттар, менің ойымша, бірінші орынға шығады. Баршаңызға тағы да бизнестің өркендеуін, кәсіпкерліктің осы рухын жоғалтпауын тілеймін. Біз жетістікке жетеміз деп сенемін», – деді Halyk Bank басқарма төрайымы.

Форумның екінші панель сессиясында өз бизнесі және пандемиядан қалай аман қалғаны туралы кәсіпкерлер айтып, тәжірибесімен бөлісті. Нетворкингтен басқа, форумға қатысушыларға түрлі сарапшылардан шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, сертификаттар тапсырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер