«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтауда ашылған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына 38 іскер жүгінді

2021 жылғы 28 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
5026 просмотров

Ақтауда ашылғанына небәрі бір ай болған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына 38 іскер жүгініп үлгерді. Олардың қатарында енді кәсіп ашуды мақсат еткен келіншектер де, бизнесін кеңейтуді жоспарлағандар да бар.

Әйгерім Исентемірова Ақтау қаласында тұрады. Ол ашылғанына бір жыл болған кәсібін жедел дамытуды армандайды. Оның жолдарын толық ұғыну үшін орталыққа келді. Балалар киімдерін тігіп, сататын жеңіл өнеркәсіп ашқан кәсіпкер өнімдерін дүкендерге өткізіп, қалғанын әлеуметтік желі арқылы саудалап отыр. Қазір екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Енді жаңа жылдан бастап тағы екі адамды қабылдап, кәсіп аясын кеңейту ойында бар. Сатылым көлемін ұлғайту үшін кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген.

«Біз 3-9 жас аралығындағы балаларға трикотаж киімдерін тігумен айналысамыз. Шикізатты Түркия елінен және Алматы қаласынан алдырамыз. Мақсатымыз — өнім көлемін ұлғайту. Сондықтан да әйел кәсіпкерлерін қолдау орталығына бардым. Онда мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстым. Несие алу, салық төлеу, СММ маманның көмегімен сауданы жүргізу жолдарын сұрап білдім. Алдағы уақытта тренингке қатысатын болып келістім», — дейді кәсіпкер.

Орталық маңғыстаулық кәсіпкер әйелдердің қаржылай емес қолдау алаңына айналды. Олардың бизнес жобаларының іске асуына немесе жұмысын қарқынды жүргізіп отырғын бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіп жатыр. Әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру, бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдікпен несие және грант алу жолдары түсіндіріліп келеді. Осылайша нәзік жандылардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал етіп отыр.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Әлия Ахметованың айтуынша, келушілер арнайы анкета толтырып, базаға тіркелген. Олар үшін Телеграм-каналы ашылып, сол желіде барлық жаңалықтан хабардар етіледі. Тіпті желіде сабақтар мен тренингтерді де  онлайн оқитын болады. Дәріс 2022 жылдың наурызында басталады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер