«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер

2021 жылғы 29 Қараша
- Маңғыстау облысы
5333 просмотров

Гаухар Таңатарова—­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­дарынды қолөнер шебері, қайсар ана, жігерлі жан.

Оның қолынан шыққан киімдер сапасымен, көз тартатын дизайнымен, денеге қонымдылығымен ерекшеленеді.

Ол бұл салаға кездейсоқ келді. Бала тәрбиесімен біраз жыл үйде отырған соң, киім тігуді қолға алады. Бастапқыда тігіншінің көмекшісі болған. Көкейдегі «өз брендімді қалыптастырсам» деген арман мақсатқа айналып, жеке кәсібін ашты. Осыдан алты жыл бұрын несиеге де ұрынған жоқ, мемлекеттің бизнеске арналған түрлі көмегін де алмады. Қолдағы бар табысын келістіріп, басында өзі ғана тапсырыс қабылдаған. Кейін оның киімдеріне қызығушылар көбейіп, жалғыз үлгере алмасын білді. Қосымша жұмысшыларды қабылдап, шеберхана ашты. Бүгінде Гаухар  Сабырқызы он адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Көбінесе, студенттер мен балалы аналарды еңбекке баулиды. Шеберханадан бөлек дүкен ашып, киімдерін сонда шығара бастады. Сатылым аясы артты.

«Идея, шабыт ойламаған жерден келеді. Тіпті, қарапайым, әдемі құсты көріп те ой түйемін. Киімдерге құстарды бейнелеп, кестелей бастаймын. Басында дайын киімді қайта жөндеумен айналыстым. Түрік, қырғыздың киімдері қазақ қыз-келіншектерінің болмысына келмей тұрады. Соны жөндеп жүріп, қазақ әйелдеріне не қажет екенін жақсы түсіндім. Сосын неге өзім тігіп көрмеске деген ой келді. Нәзік жандардың қалауындағы киім қандай ұзындықта, сәнде, түр-түсте болу керек екенін жылдар өте келе түсіне бастадық. Менің брендім осылайша қалыптасты», — дейді шебер. 

Ол — өте қарапайым маман. Үлкен көрмелерде жүріп, атағын шығаруға ұмтылған емес. Оны халықтың өзі іздеп келеді. Бір тапсырыс берген адам, тұрақты тұтынушыға айналады екен. Бір-бірінен естіп, шеберлігіне тәнті болғандар қатары уақыт озған сайын көбейіп отыр. Қазір аптасына 50-60 киімге тапсырыс алады. Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларынан тапсырыстар жиі түседі. Маңғыстау облысының барлық ауыл, қалаларынан тұрақты тапсырыс берушілер бар.

Шеберханаға қажетті маталар мен шикізаттарды шетелден тасымалдайды.  Гаухар Таңатарова ең алдымен матаның сапасына аса мән береді. Шапан, көйлек, кеудеше, тіпті оларға салынатын астарына дейін өзі таңдайды. Өйткені, қанша сәнді киім болса да, сапасыз матадан тігілсе көркем көрінбейді деп санайды. Сондықтан да Біріккен араб әмірліктері, Ресей мен Түркиядан арнайы барып алады. Киімдердің барлығы табиғи матадан тігіледі. Барқыт, жібек, шыт маталардың сан түрін үйлестіріп қайталанбас туынды шығарады. Кейде құндыз терісін де қолданады. Ұлттық нақышты заманауи үлгімен үйлестіреді. Ою-өрнек, кесте мен моншақты, бисерді қазіргі үлгідегі киімдерге салады.

Гаухардың кәсібі нәсібіне айналды. Үш баласын осы саладан тапқан нәпақасымен бағып жүр. Бизнесті аяқтан тұрғызуға туыстарының да көмегі көп.

Шебердің киімдерінің бағасы нарықтағы ұқсас брендтермен салыстырғанда 30% арзан. Сұраныс артқандықтан Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан шоу-рум ашу жоспарда бар. Әр жыл маусымына, той-томалақ немесе салтанатты кештерге  арналған кез-келген киімді шебер басқаратын топ Маңғыстауда тігеді. Осы жерден жан-жаққа таратылатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер