«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

МАҢҒЫСТАУДА ҚУАҢШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСУГЕ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕР АТ САЛЫСУДА

2021 жылғы 12 Шілде
- Маңғыстау облысы
12557 просмотров

Маңғыстау облысында қуаңшылықпен күресу үшін жергілікті кәсіпкерлер ат салысуда. Ақшымырау ауылының іскерлері былтырдан қалған қамба шөпті шауып, шаруаларға тасып берді. Баға тұрақты. Аудандық әкімдікпен арадағы меморандум аясында әр түк 700 теңгеден сатылады. 
Нұржаубай Нұрбековтің шөп шабумен айналысып жүргеніне 20 жыл. Содан бері мұндай қуаңшылықты екінші рет көрді. Жаңбыр жоқ, жер көктемеді деп, қарап отырмай, былтырдан қалған сораңды шапқанына 15 күн болыпты. Осы аралықта Ақшымырау ауылына 23 тонна шөп жеткізіп берген. Бір орамы 23-25 келі тартады. «Жұмыртқалы» деп аталатын жер шөпшілердің қайнаған жұмыс ортасына айналып кеткен.  
Нұржаубай Нұрбеков, жеке кәсіпкер:
-Меморандумға отырып, сораң деген шөпті шауып екі ауылды қамтамасыз етсек деп отырмыз. Қазір қиын жағдай. Соған қарамастан ауылға көмек болсын деп 700 тг сатып жатырмыз. Бізге де қиын. Сонда да ауылға көмек болсын деп жасап жатырмыз.
Қолындағы аз-кем малын қорада жемдеп отырған ауыл тұрғындары биылғы жыл малға өте ауыр екендігін айтады. Мал баққан ағайын тапқан таянғанын жем-шөпке жұмсауда. Жергілікті кәсіпкерлердің арзан бағада жеткізіп жатқан шөбі көп көмек екен.  
Орал Шалабаев, ауыл тұрғыны:
-2021 ж Маңғыстауды қуаңшылық жайлады. Қыста қар жоқ, жазда жаңбыр жоқ, көктемде шөп шықпай қалды. Мал күйсіз. Қазір жан-жақтан шөп әкелінуде. Ауыл жігіттері де шауып жатыр.
Ақшымырау 30 мыңға жуық төрт-түлікті бағып отырған ауыл. Оның дені осындай жеке адамдардың иелігінде болса, бір бөлігі шаруа қожалықтарына тиесілі. Жергілікті әкімдік оларға қолдау көрсетудің амалдары жан-жақты қарастырылғанын айтады. 
Асқар Аққұлов, Маңғыстау аудан әкімінің орынбасары:
-Қазір мал азығымен қамтамасыз ету Маңғыстауда екі бағытта жұмыс жүруде. 1-бағыт- кәсіпкерлердің дайындауы, 2-бағыт- облыс аралық меморндум бойынша Ақтөбеден жеткізу. Маңғыстау ауданы бойынша 27 бригададан өтініш түсті.
Қазір Маңғыстау ауданында шабындық жерлер 14 кәсіпкерге берілген. Бес бригада жұмысты бастап та кетті. Баға 700-900 теңге аралығында. Сондай-ақ, Ақтөбенің Қобда ауданындағы кешендермен келіссөздер жүріп, «Каспий» ӘКК арқылы шөп тасымалдануда. Қуаңшылықты еңсеру мақсатында бұл шаралар жыл аяғына дейін жалғаспақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер