«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Caspian Startup-2021» халықаралық стартаптар байқауының жеңімпаздары анықталды

2021 жылғы 01 Маусым
- Маңғыстау облысы
6061 просмотров

Бүгін Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің төл жобасы «Caspian Startup-2021» халықаралық стартаптар байқауының ақтық кезеңі өтті. Оған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев қазылық етті.

Қазақстан, Түркіменстан, Әзірбайжан елінің мектеп оқушылары қатысқан сайыста 15 финалист өздерінің стартаптарын таныстырып, баламалы энергия көздері тақырыбындағы үздік жоба атануға таласты. Дүниежүзілік балаларды қорғау күнінде өткен байқауда Түркіменстан елінің оқушылары үздіктер қатарынан көрінді.

Үшінші рет Маңғыстау өңірінен бастау алған стартаптар байқауы Қазақстандағы жасыл экономиканы дамытып, баламалы энергия көздерін тұтынуды арттыруға кәсіпкерлер мен жастарды шақыру үшін «баламалы энергия көздері» тақырыбында ұйымдастырылды. Байқауға Каспий маңы елдерінен 89 жоба қатысуға өтінім білдірді. Маңғыстау өңірінің белді кәсіпкерлері мен байқау серіктестерінен құралған қазылар алқасы ақтық кезеңге 15 жобаны іріктеп алды.

Осыған дейін өткізген стартаптар байқауы оқушылардың мүмкіндіктерін дамыту үшін халықаралық деңгейде сұраныс бар екендігін көрсетті. Сол себепті Каспий маңы елдерінің жастарын байқауға қатысуға шақырдық. Нәтижесінде Әзірбайжаннан 2 өтінім, ал Түркменстаннан 22 өтінім келіп түсті, - деді мектеп директоры Асел Бейсембинова.

Дүниежүзілік пандемия әсерінен байқау аралас форматта өтті. Байқаудың алғашқы іріктеу және негізгі кезеңі онлайн ұйымдастырылса, ақтық кезеңі мектеп базасында тазалық талаптары қатаң сақтала отырып ұйымдастырылды.

«Caspian Startup-2021» байқауына дыбыстан электр энергиясын алатын құлаққап жасау стартапын әкеліп отырмын. Бұл қазіргі кезде сымсыз құлаққаптарды қуаттандыру проблемасын шешуге көмектеседі. Жобамның жалпы құны елу мың долларды құрап отыр, - дейді «Daus» жобасының авторы, Көкшетау қаласындағы NIS оқушысы Диасәлі Кәрім.

Байқау ұйымдастырушылары биыл қатысушыларды материалдық сыйлықтармен марапатталды. Өңір кәсіпкерлері мен сарапшылардан құралған қазылар алқасының шешімімен, бас жүлде Мердан Акижановқа (Akyjanov Merdan, Түркіменстан) берілді. Ал, жүлделі екінші орынға арналған планшетті Түркменстандағы «Радиотолқындар» жобасының авторы Агамед Максудов пен Шанур Мазыев қанжығалады. Ал үшінші орынға арналған смартфон Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мұхит Бердіқұлға табысталды.

Тақырыптық стартаптар байқауының Қазақстанның өңірлерінде өткізіле бастағандығы қуантады. Қатысушылардың жобалары көңілімнен шықты. Мұндай сайыстар арқылы балаларды стартап бастап, кәсіпкерлік негіздерінің қыр-сырын меңгертуге болады, - дейді НұрСұлтан қаласындағы халықаралық ІТ-стартаптиар орталығы саналатын «Astana hub» технопаркінің директоры Аркадий Селезнев.

Байқау барысында Атырау қаласындағы С.Утебаев атындағы мұнай және газ университеті тоғыз қатысушыға білім гранттарын табыстады. Ал өңірдің бас университеті Yessenov University ректоры өз атынан Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Нұртас Башеевқа білім грантын сыйға тартты.

Байқау серіктесі атанған Қазақ-британ техникалық университеті үш финалистке тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификатты сыйға тартты. Сонымен қатар, байқау финалистері халықаралық ІТ-стартаптар орталығы «Astana hub» технопаркінің мамандарынан үш күндік тренингке қатысады деп күтілуде.

«Caspian Startup-2021» стартаптар байқауына «Jusan» банк АҚ, демеушілік етсе, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы, «Mediana» ІТ-компаниясы, «Eco Waste Aqtau» ЖШС, облыстық «Aqtau TV» телеарнасы, Yessenov University сайыс серіктестері атанды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер