«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

УКРАИНАНЫҢ ҚР-ҒЫ ЕЛШІСІ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

2021 жылғы 11 Наурыз
- Маңғыстау облысы
6834 просмотров

Бүгін Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Петр Врублевскиймен кездесті. Украина елшісі Маңғыстау облысымен танысуға және екі елдің экономикалық, мәдени байланыстарын одан әрі дамытуға арнайы келген.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, көлік логистикасы, туризм, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика салалары туралы айтылды.

 Маңғыстау облысы әуе, теміржол, автомобиль және су көлік желілері шоғырланған ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуда.

Бүгінде аймақтағы екі Каспий порты бір-бірін толықтырып тұр. Бұл өңір үшін жаңа перспективалар ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүктерді жеткізудің тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Бұл 2021 жылы Қазақстанға транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты жылына 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал, паром кешені астықты, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштарды, химикаттарды және басқа жүктерді Каспий өңірінің шектес мемлекеттеріне ауыстырып тиеуге бағытталған. Порттардың ыңғайлы географиялық орналасуы тасымалдау мерзімі мен құнын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл Каспий теңізі арқылы экспорттық ағынды 30% - ға арттырады.

П.Врублевский өз кезегінде Маңғыстау облысы мен Украинаның экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетті екенін білдірді.

Елші Ақтауға келген сапарында "Ақтау халықаралық әуежайы" басшылығымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, «Киев-Ақтау» әуе бағытын ашуға жұмыстанатынын айтты. Сонымен қатар, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" АҚ өндірістік қуаттарымен танысты.

Маңғыстау облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 20 млн 474 мың АҚШ долларын құрады. Экспорт 8 млн 569 мың АҚШ доллар. Украинаға химиялық заттар, станоктарға арналған қол құралдары, турбореактивтік және турбовинттік қозғалтқыштар, газ турбиналары, сұйық сорғылар экспортталады. Импортқа ірі қара малдың еті, маргарин; жануарлардан немесе өсімдік майларынан жасалған өнімдер; этил спирті; жуу құралдары, Пластмассадан жасалған бұйымдар; вулкандалған резеңкеден жасалған бұйымдар және басқалар жатады. Маңғыстауда украин капиталының қатысуымен 5 бірлескен кәсіпорын және украин капиталының жүз пайыз қатысуымен 14 кәсіпорын жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер  Украинамен тиімді сауда байланысын орнатуға ынта білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер