«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Тігін машинам – тұмарымдай» – Нұрияш Ниязова

2020 жылғы 13 Наурыз
- Маңғыстау облысы
6040 просмотров

Көпшілікке танымал «Өрнек» сән үйінің негізін қалаушы белгілі дизайнер, хас шебер Нұрияш апаның саналы ғұмыры ұлттық киімдер тігумен ерекшеленеді

Әкесінен ерте айырылған Нұрияш Ниязова 7 жасында ине ұстап, 9 жасынан көрші-көлемге киім тігіп бастаған екен. Сол өнері оның өмірлік серігіне айналды. Тігіншілік оның сүйікті кәсібі, абыройлы еңбегі. Киім тігудің сан түрлі әдістері мен ұлттық оюлардың қаншама құпияларын хас шеберге өмір тәжірибесі үйретті. Әлі есінде небәрі 11 жасында көрші шебер апасына жұмыс істеуге ниетін барын айтып, қолқабыс жасап жүреді. Алайда уақытылы іс тігуге жасының  сай келмейтіндігі ойландырады. Солай жүріп, 3  ай еңбек етіп ең алғашқы жалақысын қолма қол алады. Тұлымшағы желбіреген 11 жасар Нұрияш көршілеріне қолындағы ақшасын беріп, Баку қаласынан тігін машинасын алдырады. Күні бүгінге дейін осы тігін машинасы шеберхана төрінде тұмарындай болып сақталып келеді.

1956 жылы туған ағасы оқуын тәмамдап, әскерге шақырылады да, анасына көмектесу үшін 15 жасар Нұрияш кешкі мектепке ауысып, жұмыс жасауға бел буады. Ұзақ уақыт жұмыс іздеп, әскери парадтық костюмдер тігетін цехқа қабылданады. Бұл оның кәсіби шеберлер арасында бастаған алғашқы еңбек жолы еді. Көп ұлтты адамдармен тез тіл табысып табысты жұмыс жасайды. 1977 жыл барлық киімдерді тіге алатын шебер Нұрияш Ниязоваға ұлттық киімдерді тігу туралы ой келеді. Сөйтіп бірнеше мемлекетке барып материалдар әкеліп, фурнитура қолданып ісін бастап кетеді.

«Сонау 1985 жылы кейбір адамдардың қазақи киімдерге тосырқай қарайтын кезі еді. Соған қарамастан ұлттық киімдерді тігуді тоқтатпады. Қазір заман мүлдем басқаша қазақи киімге деген сұраныс артып, заманауи стильде тіктіріп киіп жатқандар көз қуантады.Әр келген тұтынушыларыма айтқан киімін тігіп беріп, оның қуанып, алғысын айтып, риза болып бара жатқанын көру-бақыт. Бұл жұмысты қиын деп те, оңай деп те айтуға болмайды. Өзімнің сүйікті айналысатын ісім болғандықтан осындай еңбекпен үлкен дәрежеге жетіп отырмын», – дейді шебер Нұрияш Ниязова.

Қазір шебер басқаратын «Өрнек» сән үйінің Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау қалаларында шеберханалары мен дүкендері бар. Барлығында 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар толастар емес. Барлық қалалардан сұранысқа ие ұлттық киімдерді, тіпті шетелге сыйлыққа апаратындар көптеп саналады. Мұнда ер және әйел адамдарға арналған барлық киім түрлері мен бас киімдер тігіліп шығады. Тапсырыс әсіресе, наурыз мерекесі қарсаңында қыза түседі. Бешпент, камзол, кәжекей, шапан, кеудеше, көйлек, сәукеле, тақияның ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген сан алуан түрі осы сән үйінің туындысы.

Президент оркестрінің киімдерін, ұлттық гвардия, түрлі мәдени ұжымдар, тіпті ЭКСПО-ның киімдерін де «Өрнек» сән үйі тіккен.  Сапалы, аса жоғары талғаммен тігілетін киімдер көздің жауын алады. Шебер матаның сапасы мен үйлесімді сәніне көп мән береді. Ұлттық нақыштағы стильді заманауи үлгімен қабыстырып тігуден тәжірибелері мол. Кәсіпкер заман көшінен қалмай, жоғары талғамды киім тігуді, оған жетекшілік етуді жалғастыра бермек. Осылайша бар білгенін жастарға үйретіп, өмірін айшықты өрнекпен өрнектеп келеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер