«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сәбилерге арналған сапалы киім Ақшұқыр ауылында өндіріледі

2020 жылғы 20 Ақпан
- Маңғыстау облысы
5273 просмотров

Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында «Rakhim baby» сәбилерге арналған киім цехы 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұр

Цех иесі Майра Рзабекқызы бұрын математика пәнінің мұғалімі болған. Алдымен Түркиядан жаңадан туған балалар киімін тасып, оны Ақтауда сатумен айналысады. Кейін өзі тігуді шешті.

«Түріктер жаялық шығармайды. Неге түріктерден мата алып шыт жаялықтар мен көрпелерді өзім тікпеске деген ой келді. Тәуекелге бел буып, несие алып, жұмысты бастап кеттім. Бүгінде тек Маңғыстау облысына емес, басқа қалаларға да тапсырысты жіберіп отырмыз», – Түпқараған аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Майра Рзабекқызы.

Кәсіпорында 200-ден астам тауар түрі тігіледі.  Айына 4 мың дана жаялық, шақалаққа арналған киім топтамасы 2 мың дана, 80 дана көрпе, 100 дана бесік жасауын тігіп келеді. Кәсіпкер жақында арнайы сертификат алып, цехтың тауарларын «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатыстырамақ.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Халелқызы: «Осы әлемдегі ең әдемі киім - жаңа туған нәрестелерге арналған киім. Бұл нағыз бренд. Мұндай тамаша жұмыс көрмедім! Керемет әсер қалдырды. Әдемі маталар, ең алдымен өте сапалы өнім екен. Мен жіптерден, маталардан, ілгектерден бастап, мінсіз технологияны талап ететін осындай нәзік өнімді өндіре алады деп ойламағанмын. Барлық киімдердің матасы, тігісі, сапасы ұнады», – деп таңданысын жасыра алмады.


Кәсіпкер бүгінгі таңда 20 әйелді жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында зейнеткер аналар, жарымжан әйелдер де бар екен. Мұнда жұмысқа келген аналар себепсіз шығып кетпейді. Барлық жұмысшылар тұрақты жалақымен қамтылған. Майра Рзабекқызының тігіншілерінің қолынан шыққан тауарлар айтулы байқауларға қатыстырылмақ. Таза мақтадан тігілген киімдер көпшіліктің үдесінен шығады деген сенім бар. Түрлі көрмелерде үнемі орын алып, осы бағыттағы барлық жаңашылдықтарды назарынан тыс қалдырған емес.

«Rakhim baby» бренді туралы әлеуметтік желілерден балалар дүкендерінің көптеген иелері танып білген. Қазір өнім Қазақстанның көптеген қалаларына Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылордаға жіберіледі. Ресейге және ТМД-ның басқа да елдеріне жеткізілуде. Кәсіпкер алда кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер