«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Су тұщыту зауыты іске қосылады

2020 жылғы 10 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
5244 просмотров

Маңғыстау облысының «Кендірлі» демалыс аймағы маңында су тұщыту зауытын салу бойынша келісімге қол жеткізілді «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымдары) Жаңаөзен қаласының әкімдігімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қол қойылған құжат Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің 2019 жылғы 18 қыркүйектегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, су тұщыту зауытын салу бойынша «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС дайындап жатқан техникалық экономикалық негіздемені әлеуметтік жоба ретінде қайта саралауды көздейді. Тиісінше, Жаңаөзен қаласының тұрғындарын ұзақ уақыт бойы ауыз сумен қамтудың талаптарына сай келетін судың сапасына техникалық тапсырма өзгертілді. Су тұщыту зауыты «Кендірлі» демалыс аймағы маңында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен салынады деп жоспарлануда.

Зауыттың болжамды қуаты тәулігіне 50 мың текше метр суды құрайды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласы Қиғаш өзенінен Еділ суын 2000 шақырым қашықтықтан тасымалдау арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Маңғыстау облысында су тапшылығы ең өзекті мәселе болып табылады. Себебі, өңір жартылай шөлейт аймақта орналасқан. Оның су ресурстары шектеулі. «ҚазМұнайГаз» жүйесіне кіретін «Астрахан-Маңғышлақ» су құбыры мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарынан бөлек, Еділ өзенінің суымен жергілікті халықты, өнеркәсіп нысандарын, коммуналдық және бюджеттік ұйымдарды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді де қамтамасыз етуде. Алайда, халық санының өсуіне және жаңа кәсіпорындардың құрылуына байланысты өңірдегі суды тұтыну көлемі де артып келеді. Осының салдарынан ауыз сумен қамту жүйесінің жақсаруына қарамастан, су құбырының қуаты жеткіліксіз. Бұдан қоса, ҚМГ жалғыз су құбыры ғана емес, сондай-ақ су тұщыту қондырғыларының көмегімен де өңірді сумен қамтып отыр.

Қазіргі уақытта Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыты салынуда. Бұл зауыт өңір үшін Еділ суының тәулігіне 17 мың текше метрін босатуға мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуына мүдделі. Су тұщыту қондырғыларын салу Маңғыстау облысының ғана емес, сонымен бірге Атырау өңірінің халқы үшін де жағымды әсер ететіні сөзсіз. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ акцияларының 90,42%-ы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға және 9,58%-ы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне тиесілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер