«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңаөзеннің үздік кәсіпкерлері марапатталды

2019 жылғы 19 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
5432 просмотров

Жаңаөзен қаласында жеке кәсіпкерлері арасында «Табыс-2019» көрме-жәрмеңкесі өтті

Кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасының әл-ауқатына әсер ететін маңызды фактор. Елімізде үнемі іскерлік ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп отыр. Осы шаралардың көмегімен шағын және орта бизнес Жаңаөзенде қарқынды дамып келеді. Көрме-жәрмеңкені аралап, кәсіпкерлермен кездескен қала әкімі Мақсат Ибағаров шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштеріне тоқталды.

«Қазіргі таңда қаламызда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 8 330, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 7 556. Шағын және орта кәсіпкерлікпен жұмыспен қамтылғандардың саны – 21 240 адамды құраған, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 251 адамға артық»,- дейді әкім.

Сонан соң шара Жаңаөзен қаласының «Үздік кәсіпкер» байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты.

Сонымен «Жылдың үздік кәсіпкері» аталымы бойынша жеңімпаз - жеке кәсіпкер Бекжан Әбішев танылды. Ол 2009 жылдан бері кәсіппен айналысады. 2017 жылы Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту мақсатында өз қаражатына медициналық орталық салып, қазіргі кезде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өз ісін дөңгелетіп отыр.

«Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер» аталымының жеңімпазы - жеке кәсіпкер Жамила Нұрғазиева болды.

«2017 жылдан бері қолөнер саласымен айналысып келемін. Қазір жұмыспен қамту орталығы арқылы келісім-шартпен әлеуметтік жұмысқа 8 адамды тарттым. Алдағы уақытта ісімнің аясын кеңейтіп, тапсырыс көлемін ұлғайтуды көздеймін» ,- дейді шебер.

Дәл осындай аталымды тағы Эльмира Худайбергенова да жеңіп алды.

Ал, «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер» болып жеңімпаз - жеке кәсіпкер Исенбай Қалдаманов марапатталады. Жаңаөзеннің белгілі кәсіпкері әрі қала депутаты шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. 2016 жылы балалардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын орталық ашты. Бұдан басқа мал шаруашылығымен де айналысады.

Тағы осындай марапаттың бірі жеке кәсіпкер Жалғас Агисовке табысталды.

Жаңаөзеннің «Үздік әйел кәсіпкері» болып Дариға Игсатова марапатталады.

Дариға Елубайқызы – 2003 жылдан бері қонақ үй кешенін ашып, 38 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ал, «Өнеркәсіп саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы Досай Таңатаровқа бұйырды.

Өз саласының үздіктеріне алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер