«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан және Түркияның бизнес өкілдері кездесті

2019 жылғы 07 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
8825 просмотров

Бүгін Ақтау қаласына Түркияның бизнес өкілдері келді. Оларды ҚР Қорғаныс министрлігінің Түркиядағы әскери атташесінің көмекшісі Файзулла Пірназаров бастап келді. «ASRIAD» түрік бизнесмендері қауымдастығы мүшелері алдымен Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында жергілікті іскерлермен кездесті. 2019 жылдың 10 айында Маңғыстау мен Түркия Республикасы арасындағы тауарайналым 260 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21 есеге артық.  

«Түрік елі Қазақстанның Орта Азиядағы сенімді саяси, әлеуметтік, экономикалық серіктесі. Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен 74 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Атап айтар болсақ, бағалы металдар мен асыл тастардың сынықтарын көтерме сауда, тау-кен өндіру саласы, құрылыс техникалары, тас өндірісі,  мейрамхана мен тамақ өнімдерін жеткізу және туристік бағытта жұмыс істеп келеді. Бұдан әрі де бірігіп бизнес саласын дамытуға маңғыстаулық кәсіпкерлер дайын. Өңірге инвестиция құямын деушілерге барынша жағдай жасалады», – деді Өңірлік кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов.

Түрік кәсіпкерлері өңірдің инвестициялық тартымдылығынан хабардар болды. Бес елмен шектесетін Маңғыстау түбегі әуе, темір жол, кеме және автокөлік жолдарының бәрімен ұштасатын өте қолайлы аймақ.  Құрық порты арқылы Қытай, Орта Азия елдері, Ресей, Түркия мен Еуропаға тауар тасымалдауға тікелей жол ашылды. Ал, туризм саласының жағажай, этникалық, мәдени, экотуризм мен әулиелерге зират ету түрлері бар. Қазір инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген теңіз жағалауындағы бос жерлер инвесторларға ұсынуға дайын. Туризм дамуына серпін беретін қонақ үй, аквапарк сияқты нысандар саламын деушілерді мемлекет салықтан босатады.  Инвесторларға «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы туралы да айтылды. Қазір 29 инвестициялық жоба жүзеге асып жатқан аймақта өндіріс ошақтары үшін жер учаскесі, инфрақұрылым, шетелдік жұмыс күшін тартудың оңай рәсімі, салықтар мен кедендік баж төлемдеріне жеңілдіктер қарастырылған.

Маңғыстаулық тарап түріктерге мынадай инвестициялық жобаларды ұсынды: логистикалық орталықтар, ірі жүктер мен контейнерлерге теңіз терминалын салу, жел электр стансасы, көп бейінді қалалық аурухана, қонақ үй, санаторий, жылыжай, құс, балық, теңіз өнімдерінің кәсіпорыны мен құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт салу. Жобаларды жүзеге асыру үшін тараптар өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

«Сапарымыздың мақсаты – бизнестегі қарым-қатынасты нығайту. Маңғыстау мұнайы әлі Түркияға жеткізіліп көрмеген екен. Неге тасымалдамасқа? Пласмасс, жіп зауыттарымызға да шикізаттар керек. Ақтауда туризмді дамытуға ат салысуға әбден мүмкіндік бар. Өзіме түртіп қойған екен, «Ата-тур» деп өзіміздің атажұртқа туризммен негі келмеске? Қауымдастық қарамағымызда 2 мың компания бар. Соларға осыннан түйген мәліметімізді жеткізетін боламыз», – деп түйіндеді сөзін «ASRIAD» түрік бизнесмендері қауымдастығы төрағасының орынбасары Халил Мерт.

Одан әрі сөз алған Ақтау халықаралық әуежайының директоры Ерғазы Жолдасовтың айтуынша, әуежайға 30 жыл түріктер басшылық етеді. Инвесторлар 80 млн АҚШ долларын жұмсап, әуежай терминалын, ұшу-қону жолақтарын кеңейткен. 2008 жылы мұннан 245 мың жолаушы тасымалданса, бүгінде бір млн-нан астам жолаушы ұшты. 11 ірі әуежай енген «Ашық аспан» аясына Ақтау әуежайы да қосылып, басқа елдердің ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік алды.

Ал, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласын дамытушы Жаңбырбай Дәрменов:

«Түркияның киім тігу жағынан озық техникасы Еуропа, Азия елдерін жаулап алды. Жеңіл өнеркәсібіне қызығушылығымыз бар. Тәжірибесі, техникасы, дизайнерлердің көмегін алсақ па деген ниетіміз бар», – дейді.

Басқосу соңында екі жақ бірлесіп бизнес саласын дамытуға уағдаласты. Одан әрі түріктің іскер топ өкілдері «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы мен Халықаралық Ақтау теңіз портына барды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер