«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шағын ауылдан аяқ киім шығарыла бастады

2019 жылғы 04 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
8908 просмотров

Қарақия ауданы, Құрық ауылында «Аishah_shoes» аяқ киім өндіру шеберханасы ресми түрде ашылды. Игі шараға Қарақия аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысы Алия Жұмабайқызы, «Атамекен» ӨКП аудандық филиалының директоры Аманат Махмұтов пен ауыл тұрғындары қатысты

Айнұр Тоқбаева «Ersai» компаниясының «Орталық Азияның Евра¬зия қоры» жобасынан 1 млн 300 мың теңге грант ұтып алған болатын. Жаңа істі  туыстарымен бірігіп қолға алып, отбасылық кәсіпке айналдырды. Өңір тұрғындарының қызығушылығын тудырған отандық өнімнің аясы кеңейіп, Шайыр ауылынан да ашылды. Қазір шеберхана ер адамдарға арналған қыстық аяқ киімдер топтамасын тігіп, тұтынушыларға ұсынып отыр. Жалпы мұнда аяқ киімнің 10 түрі тігіліп келеді. Айына 50 шақты аяқ киім дайындауға қауқарлы.

«Аяқ киімдер сиыр терісінен, ішкі жағы қойдың жүнінен тігілген. Аяқты терлетпейді, ыңғайлы әрі сапалы. Тапсырыстар қабылданып жатыр. Шикізаттар Шымкент қаласынан, Түркия мен Өзбекстаннан да тасымалданады», – дейді Айнұр Тоқбаева.

Аяқ киім бағасы нарықтағы бағадан әлде қайда төмен, көпшілікке қолжетімді. Мәселен, қысқы етік 22 мың теңге болса, кроссовкалар 18 мың теңгені құрайды.

«Мұндай кәсіп түрі ауданда бұрын-соң болған емес. Ерекше бизнес жобаға қайтарымсыз қаражат берілді. Өнеркәсіп саласының дамуы отандық өнімнің серпілісіне үлес қосады», – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Аманат Махмұтов.

Шеберхана үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпті ашу үшін отбасы мүшелері Нұр-Сұлтан қаласынан аяқ киім тігу әдісін арнайы үйреніп келген. Кәсіптің қыр-сырын білетін мамандар тағы да қажет екен.  Осы бизнес аяқтан нық тұрып, үлкен айналым алып кетсе, әйелдер аяқ киімін де тігіп шығару жоспарда бар.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер