«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ашық алаң, тың көзқарас

2019 жылғы 19 Қараша
- Маңғыстау облысы
6314 просмотров

Ақтауда 5 күн бойы өткен «RIFMO-2019» форумының әр күні әртүрлі тақырыпты терең қамтыды. Шараның алғашқы екі күнінде «Mediana Startup Accelerator» стартап-орталығында жастар жобаларына назар аударылды. Сонан соң IT-форум «Мемлекеттік сектор үшін» деген тақырыпта жалғасты

Оны Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов ашты. Ол өз сөзінде өңіріміздің теледидарының 100% цифрландыруға өткенін, 61 ауыл округтері кеңжолақты интернет желісіне қосылғанын және алдағы уақытта тағы бірнеше ауылдық жерлерге жылдамдығы 4 Мбит/с оптикалық талшық желісі тартылатынын, туристерге ыңғайлы болуы үшін облыстың 20 шақты тарихи-мәдени нысандары QR-MANGYSTAU қосымшасына қосылғанын және басқа да осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Ал, «Astana Hab» халықаралық IT-технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер өз кәсібінің қыр-сырын ашып, оның жұмысымен жан-жақты таныстырды.

Сонымен қатар, МО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік Кеңесінің төрағасы, облыс әкімінің кеңесшісі Бекмұрат Жүсіпов «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өзектілігі, мақсаттары мен міндеттері және оны іске асырудағы жергілікті атқарушы органдардың рөлі туралы баяндама жасаса, ал ғалым, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин ««Ақылды қалалар» концепциясы дамуының қазіргі тенденциясы» тақырыбында тың жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлем халықтарының 55% қалаларда өмір сүреді, ал БҰҰ есебі бойынша 2050 жылы жер шарының 67% қала тұрғындары болмақ, тіпті кейбір сарапшылар 70 пайыздан да асып кетеді деп болжам айтуда. Бір мысал. Бүгінгі таңда Қытай халқының 59,58% қала тұрғындары болса, 1978 жылы олар тек 17,92% ғана құраған, ал ҚХР ғалымдарының болжамы бойынша 2035 жылы бұл елдің қала тұрғындарының саны 70% пайызға жетеді екен. 

«Ақылды» қалалар қатарына кіру үшін: цифрлық технологиялар мен бағдарламалардың мейлінше көп сфераларда ендірілуі қажет; ақылды және «жасыл» шешімдерді генерация жасайтын, оларды қолдану мен пайдалануға қабілеті бар «ақылды» тұрғындардың болуы тиіс, ең бастысы интеллектісі жоғары тұлғаларды қала инновациясына тартып, кедергі жасамау керек.»Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе қалаларын смарт сити жобасына енгізу жоспарланған, бірақ қарқынды жұмыстар жүріп жатыр деп айту әлі ертерек. Біз әлі Smart city 1.0 нұсқасында жұмыс жасап жатырмыз. Сингапур Smart city 3.0 нұсқасына келетін әлемдегі бірден-бір мегаполист екенін айтпай кету мүмкін емес. Ал, Ақтау қаласы смарт сити бағыты бойынша еліміздің облыс орталықтарының арасында 14 орында, аутсайдерлердің қатарында жүр. Бізде интеллектуалды потенциалда, басқа да ресурстар бар, тек оны тиімді пайдалана білу керек. Тек ниет керек. Егер облыстың бәсекеге қаблеттігін көтергіміз келсе, ішкі және сыртқа инвестиция тартқымыз келсе, инновациялық жобаларды қарқынды түрде іске асырғанымыз жөн. Ол үшін не істеу қажет? Жоғарыда келтірілген тәжірибелерді, олардың минусы мен плюсін ескере отырып, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында «Ақылды қала» және аудандарда инновациялық жобаларды іске асыру үшін арнайы Стратегиялық бағдарлама жасақтаған дұрыс және оны әрі қарай нақты іске асыру үшін, жаңа заманауи технологияларды ендірумен, озық идеялар мен ғылыми жобаларды коммерциялизациялауды іске асыратын, тиісті мамандар мен сарапшылардан құралған «Жобалық кеңсе» форматында жұмыс жасайтын Инновациялық орталық құру қажет деп есептеймін. Инновациялық жобалар мен стартаптар инвестиция тарту, жоғары кәсіби мамандар дайындау мен жұмыс орындарын ашудың бірден-бір көзі»,- дейді Еділ Терекбайұлы.

Форум аясында «Бизнеске арналған ІТ форум» өтті. Онда ұйымдар, кәсіпкерлер және басқа да бизнес өкілдері жиналған диалог алаңында ұйымдастыру алқасының төрағасы, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі, «Грант Қазақстан» ІТ қорының төрағасы Өмірбек Құрбанбаев тағы басқа спикерлер сөз сөйледі. Олар әлем көшінен қалмай қоғамның барлық саласында сандық жүйені қолдануымыз қажет екенін және цифрландырудың бизнеске де жат емес екенін баса айтты.

Шараның соңғы күні «Mediana Startup Accelerator» Стартап-орталығында PR және Медиа саласы үшін форум өтті. Шетелдерде білімдерін шыңдап келген магистрлер Бекзат Жүсіп пен Еділ Жаңбыршин, БАҚ өкілдерімен және қоғаммен байланыс қызметімен айналысатын мамандармен осы бағыттағы өздерінің тың зерттеулерімен бөлісті. Спикерлер ІТ-технологиялардың ақпарат таратуда және қоғаммен қарым-қатынаста кеңінен қолданылып жатқанын атап айтты. Олар қатысушылардың тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара соңында форумның қарары қабылдады. Форумға демеушілік көрсеткен «Mediana Services Limited» ІТ компаниясы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер