«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Жанарыс» ЖШС сапа мен уақыт үдесінде

2019 жылғы 05 Қараша
- Маңғыстау облысы
6192 просмотров

«Жанарыс» ЖШС 400-ге жуық адам еңбек ететін іргелі ұжым. Тігін фабрикасы өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы ең ірі кәсіпорындардың қатарында. Фабрикаға ISO 9001: 2000 халықаралық сертификаттау енгізілген. Өзіндік құнының төмен болғанына қарамастан, өндірілетін өнім бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді

«Қазіргі уақытта біз аймақтағы ірі кәсіпорындардан мұнайшыларға, денсаулық сақтау, білім және қызмет көрсету салалары қызметкерлеріне арнап сапалы және ыңғайлы киім тігуге, құқық қорғау органдары мен әскери қорғаныс қызметкерлеріне арналған арнайы киімдер, сондай-ақ, халыққа арнап та киімдер тігуге тапсырыстар алып жатырмыз. Бүгінгі таңда цехта 400 қызметкер жұмыс жасайды», – деді «Жанарыс» ЖШС директоры Жаңбырбай Дәрменов.

«Жанарыс» мекемесінің іргесі 90-шы жылдардың басында қаланды. Кеңес Одағы тарап, ел егемендік алған жылдары жеңіл өнеркәсіп саласын жетілдіру екінің бірінің ойына келмеген. Сол тұста Жаңаөзендегі тігін фабрикасының тізгінін қолына алған Жаңбырбай Тәжіғұлұлы алғашында кәсіпті 50-ге тарта жұмысшымен бастаған. Қиын кезеңде тұралап қалған өндірісті мемлекеттің қадамдарына қарай алға бастырған басшы мекеме қызметінің ауқымын кеңейтіп, мақтаулы кәсіпорынға айналдырды.

Қазір Жаңаөзен қаласындағы негізгі фабрикадан бөлек Жетібай кенті мен Маңғыстау ауылында бөлімшелері бар. Мұнай мен майға төзімді жұмысшылар киімі мен түрлі саланың кәсіби және нысанды киімдерін тігетін фабрика трикотаж өнімдерін де шығара бастады.

«Қазір негізгі тапсырыс беруші «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз» компаниялары. Олардың барлық сұранысын уақытынан кешіктірмей, сапалы қылып дайындап отырмыз. Шикізаттарды Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдерінен алдырамыз. Тендер салдарынан өнім бағасын әлдеқайда төмен құнмен орындауға тура келетін кездер де бар. Нарықтың аты нарық. Бәрін өз жолымен реттеп отырады»,- деп ой айтты Жаңбырбай Тәжіғұлұлы.

Кәсіпорын директоры Жаңбырбай Дәрменов өлкеге танымал қоғам қайраткері, Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері. Ол бұл марапатты аймақтың жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға үлес қосып, әлемдік дағдарыс кезінде де серіктестіктің серпінін төмендетпеген еңбегі үшін ҚР Президентінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен алды.  «Алтын сапа», «Парыз», «Іскер» марапаттарын да қанжығасына байлаған.

«Жанарыс» ЖШС жыл сайын өздеріне қажетті мамандарды оқытып отырады. Сондай-ақ, мектеп бітіруші түлектерге грант тағайындап келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер