«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отбасылық медициналық бизнес – жаңа бағыт

2019 жылғы 15 Қазан
- Маңғыстау облысы
7126 просмотров

Алмас Абдулданов – білікті тіс дәрігері

45 жастағы ақ халатты абзал жан Талдықорған облысының тумасы. Семейдің медициналық академиясын тәмәмдаған соң, еңбек жолын туған топырағынан бастаған. Сонан соң әскери дәрігер болуға бет бұрды. Жолдамамен Ақтау қаласындағы шекарашылардың емханасына келіп, тіс дәрігері, кейін бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Үш жылдық келісімшарт аяқталуға таяғанда дәрігердің ойына жекеменшік тіс емханасын ашу идеясы келді. Осылайша 2006 жылы жұбайы Индира Разбекова екеуі шаһарда алғашқылардың бірі болып жеке медицина кәсібін қолға алды. Бастапқыда оңай болмады, әрине. Пәтер жалдап, оның бір бөлмесінде өздері тұрып, қалған бөлмелерінде тіс емдей бастады.  Алмас Алдабергенұлы 4 ұлдың әкесі. Тұңғышы өз жолын қуып, тіс дәрігері атанды. Сөйтіп тәжірибе жинап, қол астындағы мамандар қатары толыға түсті. Аяққа тұрған отбасы жалдамалы пәтерден өз зертханасы бар, 4 орындық емханаға көшті. Ол 2011 жылы Ақтауда имплант салу кәсібін игерген тұңғыш дәрігерлер қатарында.  Содан бері шетелдерде тәжірибесін шыңдап, озық имплантолог маманға айналды.

Біліктілігі артып, жас мамандардың тәжірибесі толысқан кезде 2018 жылдың   тамызында «Denta brand» деп аталатын үш қабатты жекеменшік клиника ашты. Оны әлемдік деңгейдегі озық техникалармен жабдықтауға «Даму» қорынан несие алған. Бүгінде медицина орталығында тіс емдеу, жұлу, имлант орнату, жасанды тістер, винир салу, плазмалифтинг, рентгенге түсіру т.б. жұмыстар жасалады. Балалар тіс дәрігері де жұмыс істейді. Мұны отбасылық тіс клиникасы деп атауға толық негіз бар.

Мұнда импланттың үш түрі салынады: Израиль, Оңтүстік Корея және Швейцарияда өндірілген материалдар. Құны да көптеген клиникалармен салыстырғанда қолжетімді. Өйткені барлық материалдар тікелей тасымалдаушыдан алынады.  

Медицианалық ұйымның техникасы мен тіс жасауға қажетті материалдары Еуропа елдері, Германия, Италия, Оңтүстік Кореяның озық фирмаларынан алынады. Бұл клиниканың басқалардан артықшылығы – жеке заманауи зертханасының болуы және лазерлік отаның жасалуы. Сондықтан да металл керамика т.б тістер мен винирлер өз зертханасында жасалатындықтан емделушілердің тапсырысы сапалы әрі уақытында дайын болады. Лазерлі отамен ауырсыну сезімдері болмайтын ем шаралар  жасалады. Осындағы плазмалифтинг аппараты көмегімен емделушінің өз қанынан плазма алынып, ауыз қуысы иммунитетін көтеру, тіс түбі сырқатын, имплант орнын, тіс босауын тез қалпына келтіру мақсатында салынады. Рентген аппараты арқылы түсірілген бейне визиограф көмегімен компьютерге жүктеледі. Бұл емделушінің әр жерге сабылмай, бір орталықтан ем алуына, әрі дәрігерлердің жылдам іске кірісуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Осындай жоғары сападағы қызметтері үшін келушілер қатары күн санап артуда. Бүгінде клиника күніне орта есеппен 50 сырқатқа, яғни айына бір мыңдай адамға медициналық көмек көрсетеді.

Мамандар жүйелі түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп отырады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан жоғары санатты дәрігерлер келісімшартпен келіп жұмыс істеп, жергілікті мамандарды үйретіп жүр.  Қазір бұл ұжымда 50 адам еңбек етеді. Барлығы мамандығына сай білім алған, ұйымшыл, адал қызметкерлер. Мақтаулы мамандар қатарында озық тәжірибелі Геннадий Николайұлы, Гүлнұр Тәжібайқызы, Баққали Түркменбайұлы сынды білгірлер бар.

«Клиникамыз автономды жағдайда, түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істейді. Мамандарға қойылатын талап жоғары. Жұмысын өте сапалы атқарып, емделушілермен, ұжыммен тіл табыса білуі керек. Тағы бір талап – бұл клиникада жұмыс істейтін маман басқа жерден қосымша табыс таба алмайды. Бар ынтасымен, зейінімен еңбек етеді, соған сай жалақы төленеді. Қосымша материалдық көмектер мен тіс емдету тегін. Олардың туыстарына жеңілдіктер қарастырылған. Бір отбасындай жұмыла көтерген жүк жеңіл болады», – дейді Алмас Алдабергенұлы.

 «Отбасылық медицина бизнесін жүргізудің ауыртпалығы да жетерлік. Адам денсаулығы- басты назарда. Сондықтан да жаңашылдықтан қалыс қалмай, үнемі алда жүру керек. Үзіліссіз білімді жетілдіріп, әлемдік деңгейде болып жатқан емдеу ісіндегі жаңа әдістерді қолданысқа енгізіп, үйреніп отыру қажет. Ұдайы дамып, жаңа лектен қалмай отыру тағы бар.  Осы мақсатта білімді жетілдіріп, тәжірибе шыңдап келеміз. Былтыр Дубайға арнайы симпозиумға барып келдік. Енді Оңтүстік Кореядан тәжірибе алмасу жоспарда бар. Барған елдерімізде көрмелерге қатысып, озық үлгідегі жабдықтарға тапсырыс береміз. Жастардың білімін көтеріп, имплантолог дәрігерлердің қатарын көбейтуді көздеп отырмыз», – деп ой түйіндеді Алмас Абдулданов.

Негізгі қағида – сапа, ауырсынусыз ем, қолжетімділік. Осы ұстанымды басты назарға алған ұжым болашақта қызмет аясын кеңейте бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер