«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құтқарушылар тендерге қатысты шағымдарын айтты

2019 жылғы 30 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
4801 просмотров

Апат айтып келмейді. Әсіресе, мұнай-газ өндіруші аймақ Маңғыстауда өндіріс қауіпсіздігіне салғырт қарауға болмас. Сондықтан да тендердегі сергелдең салдары орны толмас өкінішке ұрындырмаса игі деп алаңдайды құтқарушылар

«Ақ Берен» ЖШС авариялық құтқару қызметі Маңғыстау филиалының директоры Амангелді Қуаналиевтің айтуынша, Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында апаттар бола қалған жағдайда кәсіби мамандарымен толыққан, техникасы озық, тәжірибелі құтқару қызметі көмекке шұғыл кіріскені абзал. Облыс аумағында қызмет етіп жатқан ірілі-ұсақты өндіріс ошақтарында жұмыс тәртібі қатаң сақталады делік. Десек те, тілсіз жау кездейсоқ болғанда, оны ауыздықтауға шамамыз келе ме?

Қазір тендер тәлкегі құтқарушыларды әбден титықтатқан көрінеді.  120-дан астам адам еңбек ететін, заманауи 40 шықты арнайы ірі техникасы бар бұл серіктестікпен тендерге тең дәрежеде аты-жөні белгісіз, қызметі күмәнді компаниялар түседі екен. Қызмет құнын 4-5 есе төмен қойып, тендерді жеңетін оларда бәрі қағаз жүзінде ғана бар. Шынтуайтында, «бір кабинет» ішінде қызмет етіп, не тұрақты базасы, не техникасы, тіпті мардымды құтқарушылары жоқ боп шығады.  Оған дәлел - «Ембімұнайгаздан» мұнай атқылап, апат болғанда жоғарыда аталғандай компанияның бірі оқиға орнына мүлдем келмей қойған. Оларға тиесілі барлық жұмысты «Ақ берендіктер» атқарып, қауіпті жойған.

«Жақында «Қаражанбасмұнайгаз» компаниясы тендер жариялап, оған аз қаражатпен ақтөбелік құтқару компаниясы да қатысады. Өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті компанияны тексеріп Ақтөбеге барған мұнайшылар аты бар, заты жоқ құтқарушыларды ешқандай талапқа сай емес деп таныған»,- дейді Амангелді Құрмашұлы.

Бүгінде «Ақ берен» ЖШС Маңғыстау филиалымен өңірдегі 50 шақты компания келісімшартқа отырған.  24 сағат кезекшілікпен еңбек ететін құтқарушылардың ауыз толтырып айтатын жетістіктері баршылық. Олар «Қаламқас» кен орнында бірнеше күнге ұласқан өртті ауыздықтап, үлкен қатерді тоқтатты.

Бұрын республикалық мемлекеттік мекеме құрамында болып, 51 жылдық тарихы бар кәсіпорын осы жылдың наурызынан бері ЖШС-і болып өзгерді. Өз қызметін республикалық бюдеттен қаражат алмай, қызмет көрсетілетін шаруашылық субъектілерімен шарттарды орындаудан түскен жеке кірістері есебінен жүзеге асырып келеді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаты – қауіпті өндірістік нысандарда төтенше және апаттық жағдайларда жүргізілетін тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, қатердің алдын алу, сондай-ақ, өртті сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын атқару.

Кәсіпорын қойылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтерін жоғары сапа, асқан жауапкершілікпен жүзеге асырады. Мекемеде техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.  Республикалық деңгейдегі оқу-жаттығуларда ақ берендіктердің шашасына шаң жұққан емес.

Мекемеде қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау да қарастырылған. Олар жылына бір рет тегін медициналық тексерістен өтеді. Сауықтыру орындары, еңбек демалысы, бала туу, сабаққа бару немесе отбасындағы қайғылы жағдай кезінде қаржылай көмек беріледі. Мұның өзі құтқарушылардың өз қызметіне салғырт қарамауына серпін беріп келеді. Мамандар күнделікті жаттығып, үш жылда бір рет аттестациядан өтіп отырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер