«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салауатты өмір – денсаулық кепілі

2019 жылғы 25 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
6472 просмотров

Салауатты өмір салтын қалыптастырудың ең тиімді әрі танымал түрі  суда жаттығу. Бұл әдіс Каспий теңізі жағасындағы ақтаулықтардың өмір салтының ажырамас бөлігіне айналған десек артық емес.  Осы мақсатта 10 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан «Ақтау Fit life» спорт кешенінің орны айрықша

Ақтаудағы халықаралық, республикалық жарыстар, параолимпиада сынды айтулы додалар өтетін жоғары талапқа сай нысан. Бассейнге айына 4 мың адам келеді екен.  Спорт мектебінің оқушылары, түрлі мекемелердің жұмысшылары, белгілі спортшылар келісімшартпен осында жаттығады.  Бұдан бөлек, бұқара халық арналған уақыт та бар. Ардагерлер, көпбалалы отбасы мүшелері, жағдайы төмен жанұяның балаларына жеңілдіктер қарастырылған. Жаттықтырушы Мираж Ертілеуов осы орын ашылғаннан бері еңбек етіп келеді. 5 пен 16 жас аралығындағы балаларды жаттықтырады. Келушілердің ішінен талантты жеткіншектерді іріктеп, жарыстарға қатыстырып, спорт мектебіне қабылдануға ықпал етеді.

«Мұнда келушілердің жасына шектеу жоқ. Өз жұмыс әдісімді қалыптастырдым. Әсіресе, 5 жасар балаларды жаттықтыру жолым өте нәтижелі. Аптасына 3 рет 45 минуттан жаттығамыз. Балаларды жарыстарға жиі қатыстырамыз», – дейді Мираж Ертілеуов. 

Осында сауықтыру шараларына арналған бағдарламалар да бар. Сондықтан да жүрек сырқатына шалдыққандар, арқа қисығы, гипер белсенді балаларды емдеу үшін жүзу жаттығулар жасалады. Дәрігерлердің нұсқауымен келіп дертіне дауа тапқандар көп.

Теңелбек Сабыров 14 жаста:

«Тумысыман кемтар боп туғанмын. Кеуде қуысым қисайған. Дәрігердің кеңесімен 3 жылдан бері осында жаттығамын.  Суда жаттығу денсаулығымның айтарлықтай жақсартуна үлес қосты», – дейді ол.

Ал, Шакира Романова – спортшы. 10 жасында келген ол бастапқыда қызық үшін, енді спорттағы жетістігін шыңдау үшін қатысып жүр. 15 секундта 25 метрді жүзіп өтетін жеткіншек қыз үшін әрбір жеңісі қуаныш. Компьютер алдында ойын ойнап, телефон шұқылаумен уақыт өткізбей, денсаулыққа пайдалы хобби тапқанына риза.

Шынар Шарипова, «Ақтау Fit life» спорт кешенінің басқарма басшысы:

«Біздің бассейнде 3 жаттықтырушы бар. Алғаш келушілерді тереңдігі 50 см шағын бассейнде үйретіп аламыз. Әбден игерген соң үлкен бассейнге ауыстырамыз. Айтулы шаралар да жиі өтеді. Жарыста өрермендерге арналған 200 орын бар. Жүзуге арналған 8 дәліз жолы, ұзындығы 25 метр, тереңдігі 3 метр болатын бассейн халықаралық талаптарға сай келеді».

Салауатты өмір салтын қалыптастыратын орында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Арнайы мамандар судың тазалығы мен жылуын күніне бірнеше мәрте тексереді. Су тазалау, ультра күлгін сәулелермен залалсыздандыру автоматты жүйеде жүреді. Қауіпсіздік белдігі, тақтайша, кеудеше, шеңбермен толықтай қамтамасыз етілген. Жаттықтырушылар мен құтқарушылар күні бойы жұмыс істейді. Бұл нысан жылдың барлық маусымында саламатты өмір сүруді қамтамасыз ете бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер