«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЖҰМЫССЫЗ ӘЙЕЛДЕР ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРАЖАТ АЛДЫ

2019 жылғы 17 Маусым
- Маңғыстау облысы
4325 просмотров

Маңғыстау ауданының 4 және Ақтау қаласының бір жұмыссыз әйелі қайтарымсыз қаражат алатын болды.

Бұл- нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Бағдарлама қатысушыларының әрқайсысы жаңа бизнес-идеяларын іске қосу үшін 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алады. Болашақ кәсіпкерлермен арнайы комиссия мүшелері Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кездесті. Солардың бірі- Жанар Ыбыраева. Ол үш баланың анасы. Ұзақ жылдар жұмыссыздар қатарында. Орталықтан шалғай орналасқан Ақшымырау ауылында 200 түтін бар. Шағын ауылдан жұмыс табу оңай емес. Сондықтан да ол шағын кондитер цехын ашуды жоспарлайды. Ауылда тәттілер пісіретін бірде-бір кәсіпкер жоқ. Қазір үйде тапсырыс қабылдап жүр. Грант арқылы алатын 250 мың теңгеге заманауи электр пеші, миксер, тәтті тоқаштардың қалыптары сынды құрал-жабдықтар алмақшы. Жанар «Бастау» жобасының түлегі.

Ал, Жанар Қарасаева Шетпе ауылынан тігін шеберханасын ашқысы келеді. Көрпе-төсек тігуді бала кезден әдет қылған ана енді оны кәсіп көзіне айналдырғысы келеді. Гүлжихан Аманғалиева болса, Шетпе ауылынан сұлулық салонын ашуды жоспарлайды. Ғимаратты жалға алып, бір адамды жұмыспен қамту ойында бар. Бет бояу кәсібімен бір аптада 16 адамды, айына шамамен 65 әйел қабылдап, 100 мың теңгеден астам табыс табатынына сенімді. Ақтаулық Жанерке Құрметқызы фото-видео қызметін ұсынбақшы. 250 мың теңгеге монтаж жасау үшін аса қажетті ноутбук, жады карталарын алады. Екі баланың анасы перзентханадан шығару сәтінен бейне-фото естеліктерін кәсіпке айналдырмақ. Қазір адамдардың талғамы өзгерді. Нәрестенің дүниеге келу сәтінен бастап видеоға түсіруге тапсыоыс беріп жатады. Содан үйіне шыққанға дейінгі аралықтан фото-видео топтама жасаймын. Мұннан басқа Маңғыстаудағы туризм бағытын естелікке қалдырғым келеді. Туристерді өңірдегі небір әдемі жерлерге саяхатқа апарып, әулиелі орындардан қайталанбас кадрлар жасауға болады,- дейді фотограф қыз.

Комиссия төрағасы Серік Гусман:

«Бүгінгі комиссия отырысында қаралған 5 әйелдің де жобалары мақұлданды. Барлығы да жұмыссыз жандар. Отбасына нәпақа тауып, кәсіп бастаса үлкен істің біткені. «Бастау» жобасымен білім алған бесеу шағын бизнестің дамуына ат салысатын болады. Әрқайсысына берілетін 250 мың теңге қайда жұмсалды? Олардың алған құрал-жабдықтары жасаған кәсіптері бір жыл бойы тексеріліп отырады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған әйелдердің аяққа тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік жасап отыр»,- дейді.

Бағдарлама қатысушылары бірауыздан «Атамекендіктерге» алғыс айтып, кәсіптің нәсібін көретін күнге аз қалды деп қуанды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер