«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық кәсіпкерлер «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады

2019 жылғы 25 Сәуір
- Маңғыстау облысы
4019 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры-әлеуметтік бастамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Оның барысында іскерлер үшін айтулы шаралар «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға шақырды. Байқаулардың талаптары мен шарттарын кеңінен түсіндіріп берді. Байқауға өтінім мен материалдарды қабылдау www.altynsapa.kz сайты арқылы электронды түрде немесе өңірлердегі кәсіпкерлер палаталарына қағаз түрінде 1 шілдеге дейін жолдануы керек.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап «Алтын сапа» байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ұйымдастырып келеді. Байқаудың басты мақсаты – отандық өндірушіні қолдау, отандық тауар мен қызмет сапасының жоғарылауына, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекелік қабілеті мен сапа идеясы танымалдығының артуына ықпал ету. Кеңінен қарайтын болсақ, бұл байқаулар компания ішіндегі жұмысты құрылымдап және жүйелендіруге, жетілдіру үдерісін бастауға жол ашады.

«Айтулы байқауға ұсынылған кәсіпорынның қаржылық тазалығы, қарыздары мен берешектерінің жоғы да тексеріледі. Байқауға ҚР аумағында сапалы жасалған кез-келген тауар түрлерін өндіруші компаниялар қатыса алады. «Алтын сапаға» 3 жыл нарықта жұмыс істеген, ал «Қазақстанның үздік тауарына» 2 жыл өнім өндірген кәсіпорындар өтініш бере алады. Жыл санап қатысушылар саны артып келеді. Мәселен 2015 жылы 157 мекеме бақ сынаған болса, өткен жылы 182 кәсіпорыннан өтініш түсті. Маңғыстау облысының кәсіпкерлері де зор ықылас білдіріп отыр», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры-әлеуметтік бастамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова.

Түймеш Абдуллаева Маңғыстау ауданында 2011 жылдан бастап нан өнімдерін пісіреді. Түрік технологиясы бойынша наубайхана ашқан кәсіпкер бұған дейін маңызды шараға қатысқан. Биыл да байқауда бақ сынап көрмек. «2015 жылы Елордаға көрме-байқауға барып, Елбасымен кездесіп келдік. Биыл да құжаттарымды дайындап жатырмын. Талап өте жоғары. Өз кәсіпорныңның шын мәнінде лайықты екенін дәлелдейтін құжаттарды жүйелі, сапалы етіп жинақтау керек. Өңірлік байқаудан сәтті өткендер, республикалық дәрежеге жолдама алады», – деп түйіндеді сөзін кәсіпкер Түймеш Абдуллаева.

Байқаулардың өзара айырмашылықтары мынадай:

«Алтын сапа» сыйлығын алу байқауында сыйлықтар шағын кәсіпкерлік субъектісіне, орта кәсіпкерлік субъектісіне және ірі кәсіпкерлік субъектісіне төрт аталым бойынша беріледі:

•   «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
•  «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын»;
•  «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
•  «Азық-түлік тауарлары және /немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығарушы үздік кәсіпорын».

Сонымен қатар кәсіпорындарды байқауға қатысуға ынталандыру үшін «Алтын сапа» лауреаттарына 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беріледі.

Ал, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында кәсіпкерлер үш аталымда жеңімпаз болады:

•   «Өндірісітік мақсаттағы үздік тауар»;
•   «Халыққа арналған үздік тауар»;
•    «Үздік азық-түлік тауары».

Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары Мемлекет басшысының қолынан сыйлық алады. «Алтын сапа» байқауы лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының дипломанттары байқау белгісін жарнамалық мақсатта төрт жылға дейін қолдану құқығына ие болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер