«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтаулық кәсіпкер көпбалалы отбасына үй берді

2019 жылғы 05 Сәуір
- Маңғыстау облысы
5930 просмотров

Ақтау қаласының жомарт кәсіпкері Шадырақ Ермекбайұлы 6 балалы отбасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Бұл отбасы осыған дейін қала іргесіндегі  өндірістік аймақта темір вагонды паналап келген еді. Мұндай сыйлықты күтпеген «Күміс Алқа» иегері Нағима Көпжасарованың қуанышында шек жоқ. Оның 2 бірдей баласы мен жолдасы бірінші топтағы мүгедек

«Енді олардың жылы да жайлы үйде тұруына мүмкіндік туды. Бүгін қуанышты күн. Біздің отбасымыз үшін керемет жаңалық болды. Әлі де толқып тұрмын. Қыздарым қатты қуанып жатыр. Мұндай пәтерге қол жеткіземін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Қуаныштымын, қолдау көрсеткен жандарға!» — деп көзіне жас алды көп балалы ана Нағима.

Тосын сый ретінде ұйымдастырылған қоныс тойға демеушілік жасаған  «K7 Grouр» құрылыс компаниясының өкілдері, игілікті іске ұйтқы болған Ақтау қалалық әкімдігі қызметкерлері және «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері келді. Тосын сыйды күтпеген батыр ана Нағима Көпжасарованың қуанышында шек болмады, толқып көзіне қайта-қайта жас алды.

Нағима Көпжасарова жұмысын биыл ақпан айында ғана бастаған «Ақжүніс» қоғамдық ұйымының Маңғыстаудағы филиалының  мүшесі. Аз уақыт ішінде қорға 700 көп балалы ана тұрғын үй, жұмыс және денсаулық сақтауға қатысты мәселелерін айтып хабарласып,
мүшелікке енген.  

«Бұл отбасының қиын жағдайын көргенде ешкім де бей-жай қалмады. Адамгершілік жасап, көмек көрсету дұрыс деп санаймын. Өз атымнан, «Ақжүніс» аналар қоғамының атынан Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязовқа және «K7 Grouр» құрылыс компаниясына, жетекшісі Шадырақ Ермекбайұлы ағамызға үлкен алғысымды айтамын.Нағима Көпжасарова осы үйде өз бала-шағасымен, отағасымен бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамыздың қолының шеберлігі бар екен. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Ол кісі ағаштан әртүрлі бұйымдар жасайды екен. Сол бойынша ол кісінің кәсібін дамытуға қол ұшын бергіміз келеді», – дейді «Ақжүніс» аналар қоғамының Маңғыстаудағы жетекшісі Анар Шамшадинова.

«K7 Grouр» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Шадырақ Ермекбайұлы пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, қайырымдылық жасау бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімінің бастамасымен аймақта қолға алынып отырған «Бизнес 3 күнде» жобасына белсенді қатысып, аз қамтылған отбасылардың өз кәсібін ашып, жағдайларын түзетуіне қол ұшын созуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Енді отағасы өңірде жүзеге асырылып жатқан «Бизнес 3 күнде» жобасы бойынша өзінің кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның ерекшелігі – кәсіпке икемі бар, бірақ оны ашуға қаражаты жоқ жандарға қолдау көрсетіледі.

Мәліметтерге жүгінсек, Ақтау қаласында 963 аз қамтылған отбасы бар. Оның 843-і көп балалы жанұя. 

Қиын әлеуметтік жағдайға тап болдыңыз ба немесе мұқтаж жандарға көмек бергіңіз келе ме? Онда  «Менің Атамекенім» жобасына қатысуға шақырамыз.  Әлеуметтік жағдайы тығырыққа тіреліп, қиын жағдайға түскен кез-келген азаматқа өз өтінішін хабарлауға мүмкіндік беретін «Менің Атамекенім» платформасына арнайы  механизмдер іске қосылған. Өз кезегінде платформада кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың мұқтаж жандарға көмектесу жолдары ұсынылады.

«Менің Атамекенім» жобасы әлеуметтік жобаларды жүйелі шешуге бағытталған. atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөлімінде өтінім қалдыра алады, ал көмек қолын созуға дайын адамдар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады. Порталда қолданушылардың ыңғайлылығына арнап, WhatsAp нөмірі: +77763337766 қосылған. Қосымша сұрақ болса, байланыс қызметіне хабарласуға болады:  1432.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер