«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрық тұрғындарына құқықтық көмек

2018 жылғы 04 Қазан
- Маңғыстау облысы
4683 просмотров

Маңғыстау облысы Құрық кентінде облыс прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған кәсіпкерлерді қолдау және дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қарақия ауданының прокуроры Б. Бүркітбаев кәсіпкердерді жеке қабылдау өткізді.

Ауданда кәсіпкерлер арасында  жүйелі түрде туындаған күрделі және өзекті мәселелерінің түйінін шешуге Кеңес мүшелері өз ықпалын тигізді десек артық болмас. Мәселен, ауылдағы жеке кәсіпкер Т. Аязбаева наубайханадағы қиыншылығын алға тартты. Іскерді нысанға көгілдір отын жеткізу ісі мазалайды екен.

«Наубайханам жұмыс істеп тұр. Бірақ нан өнімдерін электр пешімен пісіру көп шығынды талап етеді. Наубайханаға газ тарту қиынға соғуда. Бұл қызмет үшін мамандар 1 млн.600 мың теңге сұрайды. Осыны қалай шешсем болады?» – дейді кәсіпкер.   

Оған Кеңес мүшелерінің жауабы дайын.  

«Қарақия ауданында газ тартумен айналысатын, жобалық сметасын жасайтын бір ғана мекеме бар екен. Аудан бойынша газға мұқтаж жандардың тізбесін жасау жергілікті әкімдікке тапсырылды. Олардың мәселесін шешуге газ тартушы мекеме құлықсыз болса, бұл іспен шұғылданатын өзге де кәсіпорындарды Ақтау қаласынан табуға ұйғарым жасалды», – дейді Кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.

Ал, кәсіпкер С. Утемуратовтың айтуынша, қазір өзінің автокөліктерге жанар жағар май құю стансасы жұмыс істеп тұр. Енді сол  базасының негізінде сұйытылған газ құю стансасын ашуды қолға алғысы келеді. Өйткені, Жетібай ауылында көліктерге газ құю стансасы біреу ғана.  Ол күн санап халық саны артып келе жатқан ауылға аздық етеді.

Мәселенің оң шешім табуына  нақты бағыт бағдар беріліп,  заң талаптары түсіндірілді. Қазіргі талап бойынша, облыста көгілдір отын саудалайтын нысан ашуға мораторий жарияланған. Дегенмен кәсіпкерге бұрынғы май құю стансасы негізінде кәсіпті кеңейтетінін дәлелдеп, тиісті құжаттарды жинап, тапсыруға кеңес берілді.

 Мұндай кездесулер мен жеке қабылдау  кәсіпкер, мемлекет және бизнес арасындағы үшжақты диалогтың құрылуына үлес қосты. Осылайша ынтымақтастықты нығайтуға серпін болды.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасының басым әрекеттерінің бірі-кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Кеңес өз қызметін 2017 жылдың 14 наурызында  бастаған болатын.  

Содан бері аталған Кеңес өңірдегі облыс кәсіпкерлерінің  заңды мүдделерін ұсыну, қамтамасыз ету және  қорғау, туындаған күрделі, өзекті мәселелердің түйінін  тиімді, жүйелі және  шұғыл шешу, сонымен қатар елдегі бизнесің дамуында қиыншылық туындататын мәселелерді қалың бұқараға жариялау мақсатын абыроймен жүзеге асыруда. 

Қоғам мен биліктің, бизнестің сұхбаттасу мәдениетіне Кеңес пен оның мүшелері аса назар аударып отыр.Осыған орай, Кеңес түйіткілді мәселелерді ауыл, село әкімдерімен, аудандардағы кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастыру арқылы шешіп отыр. Кеңес мүшелері қоғам мен кәсіпкерлер арасында кері байланыс орнатуға септігін тигізіп, өзара әрекеттесу тәжірибесі арқылы кәсіпкерлердің пікірлері мен мәселелерін зерттеу дағдылары қалыптасты.

Кеңес өз міндеттерін жүзеге асыру үшін кәсіпкерлермен кездесуі және оларды  бекітілген кесте бойынша көшпелі жеке қабылдауы күнделікті игі істерінің бірі болып табылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер