«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақпаратқа қанық адам – қарулы!

2018 жылғы 15 Ақпан
- Маңғыстау облысы
8704 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өлкеміздегі кәсіпкерлердің бизнесін жүргізуге бағыт-бағдар беріп, оларды жан-жақта ақпараттандыру жұмысын жалғастыруда

 2017 жылы КҚКО менеджер кеңесшілері жалпы саны 2694 сервистік қызмет түрлерін көрсеткен. Олардың ішінде бухгалтерлік және салықтық есеп беру, кедендік рәсімдеу, IT технологиялары бойынша, электронды сатып алуға қатысу, маркетинг (бизнес жоспарлар жасақтау, заңгер кеңестері) бойынша қызметтер бар.  

Өткен жылы КҚКО кеңесшілерінің сүйемелдеуімен 41 кәсіпкер электронды сатып алуға өтініш білдіріп, нәтижесінде 370 миллион теңгеге бағаланған тауар жеткізу, қызмет көрсету сияқты жұмыс түрлерін ұтып алды. Солардың бірі жеке кәсіпкер Көшбай Әбіш:   

 - Мен 2014 жылдан бері жеке кәсіпкермін. Сатып алу жүйесі мен ережесінде жиі орын алатын өзгерістер мен толықтырулардың салдары тапсырыс берушімен арадағы келісім-шарт талаптарына байланысты түсініспеушілікке әкеліп соқтыратын еді. 2015 жылы КҚКО ашылған күннен бастап осы мекеменің тұрақты клиентімін. Әр келген сайын маған кеңесші-менеджерлер тарапынан кәсіби қызмет көрсетіліп, сатып алу жүйесіндегі өзгерістерге қанық болып қайтамын. Одан өзге КҚКО-да ай сайын бухгалтерлік және салықтық есеп беру, электронды сатып алуға қатысу, маркетингтік қызметтер, заң және т.с.с кәсіпкерге ауадай қажет қызмет түрлері бойынша тегін семинарлар мен практикалық шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады. Өз басым олардың бірде біреуін қалт жібермеумеуге тырысамын. Себебі мұнда заңдар мен түрлі ережелердегі өзгерістер әр адамға егже-тегжейлі түсіндіріледі. Жасырмаймын, осындай білікті мамандардың берген кеңесі арқасында талай сатып алу конкурстарында жеңіске жеттім де.  

Енді маркетологтардың бір жыл ішінде атқарған жұмысына тоқталып өтейік. Сонымен сала менеджерлері өткен жылы кәсіпкерлерге 160 бизнес-жоспар жасақтауға жәрдемдескен. Олардың ішінде жалпы сомасы 1 670.2 миллион теңгені құрайтын 61 жоба бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында қаржыландырылып, жаңадан іске қосылды немесе кейбірі бар кәсібін кеңейтті. 

 Қаржыландырылған жобалардың ішінде «Саңырауқұлақ өсіру фермасын салу», «Ақтау қаласынан тіс емдеу орталығын ашу», «Жаңаөзеннен тілдерді оқыту мектебін ашу» «Таушық ауылынан жүн түтіп, оны иіретін цех салу» сияқты және басқа да қызықты жобалар бар.

 Мысалы, Бралина Салтанат атты жеке кәсіпкер «Шикізат қалдықтарын жинау мен сату» жобасы бойынша қаржы алып, кәсібін аяққа тұрғыза алды. КҚКО маркетологтарының экономикалық тұрғысынан сауатты жасаған бизнес жоспары мен кәсіпкердің кәсібилігі арқасында бизнесі өрге домалап, соның арқасында Салтанат табыс тауып қана қоймай, өлкеміздің қоршаған ортасының ластануын азайтуға өз үлесін қосып отыр.

  Аталған қызмет түрлерінен бөлек, КҚКО-да орналасқан «Бизнес мектебінде» кәсіпкерлікке енді ғана қадам басқан жандар үшін «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өрлеу» атты жобалар қарастырылған. Сондай-ақ бүгінгі таңда КҚКО жүзеге асырып отырған «Іскерлік байланыс» жобасының да тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Аталған жоба кез келген кәсіпорынды ондағы басшылық құрамын халықаралық серіктестермен іскерлік байланыс орнату арқылы жаңғыртуды көздейді. Бірінші кезеңде қатысушылар бизнес тренингтен өтеді. Ол жерде олар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің көмегімен өз кәсіпорындарын жаңғырту мақсатында жасалатын бизнес-жоспарды түзу амалдары мен әдістерін меңгереді. Екінші кезеңде теориялық білімін тәжірибеде сынап көру, яғни іскерлік байланыс орнату үшін өз саласындағы шетелдік ірі компанияларда тағылымдаман өтеді яки тәжірибе алмасады.  2017 жылы облысымыздан 39 кәсіпкер осы жоба аясында білімдерін шыңдап, тәжірибеден өтіп келді.

Осыған ұқсас тағы бір жоба бар, «Аға сеньор» деп аталады. Оның арқасында салаңыз бойынша өз кәсіпорныңызға шетелдік кәсіби сарапшыны шақырып, одан қызметкерлерді басқарудағы тың әдістер, жаңа технологияларды енгізу жөнінде кәсіби кеңес пен ұсыныстар ала аласыз. Өткен жылы осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған «Cement-Beton M» ЖШС,  "Caspiy Operating" ЖШС сияқты мекемелер 5 бірдей шетелдік маманның кеңесіне жүгінді.

Біз атаған қызмет түрлері мен кәсіби кеңестерді КҚКО тегін көрсететінін баса айта кетуіміз керек.  Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы өлкеміздегі барлық шағын және орта бизнес субъектілерін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өтетін семинарларға қатысып, сервистік қызмет алуға шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер