«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлеуметтік қорғау министрі жаңа жүйені таныстырды

2017 жылғы 30 Наурыз
- Маңғыстау облысы
5400 просмотров

«Е-Халық» жүйесі нәтижелі жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді

Жаңа жүйенің тиімді тұсын Маңғыстау өңіріне арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова түсіндірді.

Шара барысында министр Тамара Дүйсенова Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен «Жаңа серпін» орталығының жұмысымен танысты. Аймақтағы әлеуметтік орталықтардың жұмысымен танысқан министр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының орындалу барысын көрді.

Орталық мамандарының айтуынша, Маңғыстау облысындағы ауылдарда жаңадан ісін ашып, кәсібін бастаймын деген жанға мүмкіндік мол. Өткен жылдың жарты жылдығында «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы құны 552 млн теңге тұратын 64 жоба жүзеге асқан. 142 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар тағы да 538 млн теңге тұратын жобаға қолдау қажет.

Министр өз тарапынан бұл жобаға қолдау білдіретінін айтып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» жүзеге асыру қолға алынғанын ерекше атап өтті. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның 2,2 млрд теңгесі Маңғыстау өңіріне бөлінген. Нәтижесінде, 5,6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Bastau Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын жобасын қарастырып, ұлттық палатаның кредиттеуге қатысу мүмкіндігін қарастырамыз», ­– деп атап өтті ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

«Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқаннан кейін министр Тамара Дүйсенова өзінің оңтайлы көзқарасын білдіріп, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында ауыл әкімдерімен кездесіп, «Е-Халық» ақпараттық жүйесін таныстырды. Аталған  жүйе ауылдық округ деңгейінде жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, әлеуметтік аз қамтылған жандар және жалдамалы жұмыскерлер есебін жүйелендіруге мүмкіндік бермек.

Жиынға қатысқан Ақтөбе ауылының әкімі Жанбибі Молдашева жаңа жүйенің ауыл үшін тиімді тұсы көп екендігін жеткізді.

«Жергілікті жердегі халықтың тұрақты тіркеуде қайда тұратындығын немесе оның не қызметпен айналысатынын, меншігінде қандай көлік, жылжитын немесе жылжымайтын мүлкі бар екендігін біле алмайтын едік. Енді осы мәліметтің барлығын «е-халық» бағдарламасы арқылы біле аламыз. Жаңа жүйе жұмыстың икемді, оңтайлы әдісі болып табылады», ­– деді Жанбибі Молдашева.

Сонымен қатар, «Е-халық» жүйесі арқылы еңбек ресурстарының қорын шоғырландыруға және әр отбасындағы жеке қосалқы шаруашылықтар жайлы деректерді дұрыстауға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер