«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдағы бизнеске инновациялар таңсық емес

2015 жылғы 01 Шілде
- Маңғыстау облысы
15612 просмотров

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен облыстық ауылшаруашылық басқармасында өткен АӨК инновацияларына арналған семинар сумен жабдықтауға инновациялық тұрғыдан келу талқылауына айналып кетті.

Фермер Төлеген Жалмұрат өз шаруашылығын мемлекеттік қолдау көмегімен дамытқандардың бірі. Ол 2005 жылы Қарақия ауданы Құрық ауылынан 23 шақырым жерде орналасқан «Жаңбыршы» шаруа қожалығын тіркейді де, ұзақ мерзімдік жалға жер телімін алады. Жеке бизнесті бастауға 3 млн теңге көлеміндегі бастапқы капитал жеткілікті болды. Ауыр табиғи-климаттық жағдайға қарамастан, табанды еңбегінің арқасында кәсіпкер өсімдік шаруашылығында әсерлі нәтижелерге жетеді. Ол осы күнге дейін мүмкін емес болып көрінген дүниені іске асырды: сортаң жерге бақ екті.

Бірақ алма бағын бұдан әрі дамыту үшін фермердің біліктілігі жеткіліксіз болып шықты. Шаруаға тәжірибелі агрономдар мен зерттеу институттарының көмегі мен консультациясы қажет.

Палата өкілдері кәсіпкердің түйткілдерін зерттеп шығып, фермерді Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының қатысуымен өтетін семинарға шақырды. Онда фермер «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының профессорлары Алексей Рау мен Валерий Тумлертті (жер асты суларын кері осмотикалық тұзсыздандыру тәсілінің авторы) «Жаңбыршы» ШҚ жобасын жүзеге асыру орнына баруға көндірді.

Кәсіпкер Төлеген Жалмұраттың айтуынша, электр энергиясының аса көтеріңкі тарифі өнімнің өзіндік құнына тікелей әсерін тигізеді – мұнда суды ұңғымадан алады, ал сорғы жұмысы табысты жеп қояды.

«Ауыл шаруашылық дақылдарын суару үшін су жетіспеушілігі түйткілінен бір ғана шығар жол бар – қырат аумағында 50-60 мың текше көлеміндегі су жиналатын шұңқыр салу. Қыста қазаншұңқыр қар және жаңбыр суына толысады, сонымен бірге, қосымша бұрғыланған ұңғымалар қажет ылғалды беріп тұрады. Сонда 10-15 гектар аумақта мал шаруашылығы үшін азықтық дақылдар егуге болады», - деп идеясымен бөлісті кәсіпкер.

Қазаншұңқырды салу әдістері туралы (ондай шұңқырлар бұрыннан бар және қолданыста), шығындар, өнімнің өзіндік құны мен жобаны субсидиялау мүмкіндіктері жайлы сөз болды.

Аграрлық университеттен келген қонақтар делегациясы бақ телімін, жүзімдікті және сатуға арналған қиярларды жинау жұмыстары жүріп жатқан жылыжай шаруашылығын қарап шықты. Университет профессорлары топырақты құнарландыру жөнінен нұсқаулар берді, көшеттерді өсіру мәселелерін талқылады. Көкөніс дақылдарын өсірудегі тамшылай суару әдістері жайлы әңгіме етті.

Жалпы, қонақтар шаруашылық жүргізудің инновациялық әдістерін енгізген кәсіпкерлердің жасаған жұмыстарына риза болды. Ауылдықтарға үнемі консультация беріп тұруға келісті: Қарақия ауданы Құрық ауылына АӨК саласындағы зерттеу институтының тәжірибелі агрономдары жіберіледі.

Осы жұмыстардың барлығы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының тікелей қолдауымен мүмкін болып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер